Жарияланды: 09.05.2017

Орындық «синдромы» опық жегізбесін…

Осы біз орындыққа бауыр басып қалғанымызды білеміз бе? Үйде отырамыз. Теледидардың алдында. Жұмыста отырамыз. Компьютердің алдында. Автобусқа кіре сала бос орын іздейміз. Жастар орын бере қоймаса бұрқылдаймыз келіп. Рас қой. Бүгінгі өмірімізді орындықсыз елестете алмайтын болдық. Сөйтіп отыру өмір салтымыздың ажырамас бір бөлігіне айналып кетті. Қимыл-қозғалысты азайтып, өз-өзімізге ауру тілеп алғанымызды байқамаймыз да. Біле тұра жұмыстан жаяу қайтуды, отырудың орнына жүруге, жүгіруге ерінеміз. Теледидарды тұрып, жүріп барып қоспаймыз. Оған пульт «кінәлі». Кондиционерді де қосқанда да соның көмегіне жүгінеміз. Сәл де болса жүруге сеп болатын дүниелерді осылайша алыстан басқарылатын тетіктер арқылы қосып, жүруді қысқартудамыз. Осы өмір салтының қаншалықты қауіпті екенін бағамдамаймыз. Отырып жұмыс істейтіндерге түрлі аурулар да үйірсек. Мәселен, соның ең бастысы – остехондроз. Бұл дерт қимылдың аздығынан, үнемі отырып жұмыс істеуден пайда болады. Әрі одан құтылу да оңай емес. Дәрігерлер орындықта ұзақ отырып жұмыс істеген кезде қайта-қайта қимылдап, отырысыңызды өзгертіп, еңкейіп, шалқайып отыруға кеңес береді. Сондай-ақ, 10 минут жаттығу жасауды ұсынады. Ал, ең қауіпті аурудың бірі – геморрой да осы үнемі отырып жұмыс істейтіндердің айырылмас серігі деуге болады. Одан құтылудың қиын екені белгілі. Тіпті, созылмалы түріне ауысып кетуі де ғажап емес. Тікесінен тік отырып жұмыс істеу тік ішекке күш түсіреді. Ақыры осындай қауіпті аурудың құрығына іліндіреді. Одан кейін созылмалы іш қату да осы сатыға жататындарға үйірсек. Қозғалыстың аз болуы, спортпен айналыспаудың нәтижесі осыған келіп тіреледі. Сондай-ақ, кең таралған «аурудың» бірі іштің созылып кетуі, яғни жүкті әйелдікіндей қарынның салбырап, домалануы. Ішкен-жеген тағамдар қимылдамаған соң май болып ішекке жинала береді де, дертті дендетеді. Жылдар бойы қордаланған май ақыры сыртқа тебеді. Соның салдарынан іш салбырап, үлкейіп кетеді. Бұл әсіресе еркектерге тән ауру. Жасының да, жасамысының да қарны домаланып шыға келетінін байқау қиын емес. Әйелдерге қарағанда еркектердің майы ауыр болады да, денсаулыққа тигізер зардабы да мол. Ол бірте-бірте жүректі торға түсіріп, бауырды да бүйректі де ауруға шалдықтырады. Сондықтан да әйелдер емес, еркектер өз фигурасының бірқалыпты болуына баса көңіл бөлгені жөн дейді дәрігерлер. Ол сұлулық үшін емес, денсаулық үшін. Еркектердің арасында кең таралған аурудың бірі простатит екені белгілі. Бұл да қимыл қозғалысты сүймейтін аурудың бірі. Бұл ауру неге көбейіп кетті деген сұраққа бір ақ жауап бар. Көп қимылдамаймыз, көп отырамыз. Одан қалса диванға жата қалып, теледидар тамашалағанды ұнататындар басым. Оның орнына біраз жаяу жүріп, жүгіріп, аз да болса денені қимылдатып, болмаса ағаш жарып дегендей физикалық қимыл қозғалысты арттырған дұрыс. Бұрынғы ата-бабаларымыздың мықты болғанын айтып мақтанамыз. Рас қой. Олар спорттың не екенін білмесе де денсаулықты қалай күту керек екенін жақсы білген. Бір қойдың етін бір өзі жейтін алыптар да сол кездері болған ғой. Ет жеп, қымыз ішіп қызара бөрткен соң атпен серуендеуге шыққан. Бұл әдіс анау-мынау тренажер залыңызды жолда қалдырады. Аттың үстінде отырғанда бүкіл ағза қимыл-қозғалыста болады. Әсіресе, омыртқаға, тірек қозғалысына өте пайдалы. Қазіргі кезде ауылдықтар ғана болмаса, қалалықтардың кез-келгеніне атпен серуендеу арман ғана. Оның орнына түрлі фитнес клубтарға, жүзу бассейндеріне, тренажер залына баруға көпшіліктің мүмкіншілігі жоқ. Қалтаға ауырлық түсіретін болған соң.
Сонда да болса бастысы денсаулық үшін, «орындық» синдромын айналып өтудің төте жолы тек қана – спорт. Күніне болмаса да күн аралатып, үй жағдайында аз ғана уақыт жаттығу жасаудың өзі жетіп жатыр. Спортты сенімді серігі еткендердің қай қайсысы болмасын аурудың қай түрінен де аулақ болары сөзсіз. Ауру сатып алмаудың амалы да тек қана спорт… Түрлі тренажер залдарына баруға көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Стадиондардың басым бөлігі де ақылы. Саябақтарда, жол бойларында жүгіру де қауіпті. Тренажерларды сатып алу да аз ақша тұрмайды. Дегенмен денсаулығын ойлаған әрбір жан қалай болғанда да спортты сенімді серігі еткені дұрыс. Аурудың алдын алудың төте жолы осы ғана…
Ерназ Бақдәулет

3 119 қаралым