Жамбыл фермерлері

50 гектар жерді қамтитын алма бағы алқабына көшет отырғызып жатыр

Жамбылдық фермерлер «бір­лік болмай тірлік болмайтынын» жақсы түсінген сияқты. Облыс­тың Жамбыл ауданында 30 ша­руашылық бірігіп, үлкен бір тірлікті қолға алды. Атап айтар болсақ, «Алтын алма» коопе­ра­тиві 50 гектар жерге алма бағы­ның көшетін отырғызып жатыр.

– Бұл жерде алманың 7 түрі өсірілетін болады, – дейді кооператив төрағасы Рашид Шоң­баев. – Барлық көшеттерді Польшадан әкелдік. Агроном­дардың айтуына қарағанда, алма көшеттері біздің топырақта өсіп-өнуге қабілетті. Әрине, күтіп-баптау мәселесіне көп мән беру қажет. Сондықтан бізде арнайы технологиялық карта жасалған. Жұмыс сол бойынша жүреді. 2017 жылы алғашқы өнімді жинаймыз деген жоспарымыз бар.

Жобаның жалпы құны 470 миллион теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры бойынша субсидия алған. Қазір облыста 400 гектардан астам осындай қарқынды бау бар.

– 2-3 гектар жері бар ша­руа­ларға несие мен техника берілмейді. Сондықтан шаруалар кооперация туралы заңның тиімді екеніне көздері жетті. Бірігудің арқасында олардың үлкен аумақты игеріп, қомақты несие алуға мүмкіндіктері бар. Биылдың өзінде осы қарқынды бау егуге 1,5 миллиард теңге ин­вестиция тартылмақ, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Мәден Мұсаев.

Оралхан ДӘУІТ,

 

2 658 қаралым

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*