Талассыз таза ұтыс

«Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы Бүкіләлемдік бокс сериясының алтыншы маусымдағы кезекті жекпе-жегін Петропавл қаласында өткізіп, мұхит асып келген «Puerto-Rico Hurricanes» командасымен қолғап түйістірді. Бокс десе, ішкен асын жерге қоя­тын солтүстікқазақстандық жан­күйер­лердің бұл күнді тағат­сыз­дана күткені соншалық, «Же­ңіс» спорт мектебінің атшап­тырым залында тізе бүгер орын табыл­мағандықтан, былғары қолғап шебер­лерінің шаршы алаңдағы жан алысып, жан беріскен айқасын түрегеп тұрып тамашалағандарда есеп болмады.

Ойын басталар алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ко­ман­даның бас директоры, Лондон Олимпиадасының чемпионы, бар­кер кубогының иегері Серік Сәпиев маусымаралық үзілісте ко­манда құрамына өзгерістер енгенін жеткізді. Бас бапкерліктің тізгіні республиканың еңбек сіңір­ген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековке сеніп тапсырылған. Осында ел намысын абыроймен қорғап жүрген ұлттық коман­даның көшбасшы боксшылары Рио-де-Жанейрода күтіп тұрған Олимпиадаға тас-түйін дайын­дыққа қызу кіріскендіктен, жаңа құрамаға 30 боксшы қабылданып, болашағынан мол үміт күттіретін жастармен толыққан.

Астаналықтардың шешуші айқасқа тыңғылықты әзірлікпен келгені бірден байқалды. Олай дей­тініміз, 23 қаңтарда шы­мыл­­дығы ашылған байрақты бәсе­кенің алғашқы ойынында күшті командалардың бірі Әзер­­байжанның «Баку оттарын» тізе бүктіргенімен, додада бі­рінші рет өнер көрсеткен өзбек ағайын­дарға есе жіберіп алған. Осы жолы жеңіске жетсе, плей-офф турниріне жолдама алмақ. Міне, шаршы алаңға 49 кило салмақ дәрежесі бойынша Мардан Берікбаев пен Джон Ортис көтеріліп, жұртшылық тағатсыздана күткен мәртебелі матчтың алғашқы жекпе-жегі бас­талып кетті. Қарсыласынан бойы да, қолы да ұзындау қазақстандық осы артықшылығын ә дегеннен ұтымды пайдаланып, соққыларын үдетті. Шабуылын күтіп алып та, қорғана жүріп те ұпай санын еселей түсті. Сөйтіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. 56 кг салмақтағы Нұрсұлтан Көшеғұлов Эдгардо Оскар Ролон Вареламен қолғап түйістіргенде, демімізді ішке тартқанбыз. Тапалтақ бойлы, мығым денелі оның ұрымтал тұс­тарды мүлт жібермейтін шапшаң қи­мылынан сескенгенбіз. Бірнеше соққысын дарытып үлгерді. Алайда, екінші раундтың соңында Нұрсұлтанның қақ маңдайға ту­ра­лаған соққысы шаршы алаң­ның қожасы кім екенін таныт­қандай әсер қалдырды. Пуэр­торикалықтың одан арғы халі белгілі болды. Янкарлос Ривьера­ның (64 кг) келмеуі себепті команда капитаны Самат Бәшеновтің еншісіне бір ұпай бұйырды. Ал Әбілхан Аманқұл (75 кг) Раул Санчес Мартені бұрыш-бұрышқа қуып жүріп сабады десек, артық айтқандық болмас. Бұдан кейін Еркін Мұхамеджанның (91 кг)  ринг­ке шығуынан түсуі жылдам болды. Оның атан түйені жалп еткізетіндей күрзі соққысы Иван Хоэл Росадо Торрестің тал­мау жеріне дөп тиді. Төреші есеп ашты. Орнынан сүйретіле тұ­рып, жұдырықтасуды жалғас­тыр­ған­мен, тағы бір ауыр соққы­дан кейін техникалық нокаут жазылды.

«Puerto-Rico Hurricanes» коман­дасының бапкері Мануэль Пабон былтыр турнир кестесінде жетінші орын алған жетістігіне тоқтала келіп, арландықтардың талассыз таза жеңіске жеткенін мойындады. Матчтың ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Сайдың тасындай іріктелген оғландарымыз бапкерлердің алға қойған тапсырмасын мүлтіксіз орындап, тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Бұл, бір жағынан 2 сәуірде Өскеменде Өзбекстанның «Uzbek Tigers» командасына қарсы өткізілетін жарыс алдындағы шыңдалу шыңы болғаны анық.

Өмір ЕСҚАЛИ

2 431 қаралым

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*