ОҚО ОҚУШЫЛАРЫ БІЛІМ ОЛИМПИАДАЛАРЫНДА 81 ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының оқушылары 2016-2017 оқу жылында түрлі облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысып, өңір намысын қорғап келеді. Жыл басынан бері ұйымдастырылған түрлі сайыстарда шәкірттеріміздің 8-і І орын, 39-ы ІІ орын, 34-і ІІІ орынға ие болып, жалпы саны 81 жүлделі орынды қанжығасына байлады.
Мәселен, таяуда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық IХ Президенттік олимпиадасы өткені белгілі. Онда үш оқушымыз — Хайруллаева Нафиса (Кентау қаласындағы «Мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты») ІІ орын алса, Ералхан Ержан мен Тастан Нұрбектер («Ж.Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған мектеп-интернаты») ІІІ орынға ие болды.Мұнан бөлек, биылғы оқу жылында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Ақтау қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадалары мен халықаралық ғылыми зерттеу сайыстарын ұйымдастырды. Жақында Байқоңыр қаласында өткен «Ғарыш әлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми жобасында Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы мен «Төржан» жеке гимназиясының төрт оқушысы ІІ және ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал «Зерде» шығармашылық жобалар мен зерттеу байқауларында үш оқушы І орын, бес оқушы ІІ орын, алты оқушы ІІІ орын алды. Сондай-ақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының IV кезеңі өтіп, нәтижесінде, 10 оқушы жүлделі ІІ (4 оқушы) және ІІІ (6 оқушы) орындарға ие болды.Тағы бір ерекше айта кететін жағдай, биылғы математикадан ХVІ халықаралық «Жібек жолы» олимпиадасында №1 ҚТЛ-нің 11 сынып оқушысы Руслан Иманбердиев, оқушылардың зерттеу жұмыстарының О.Жолдасбеков атындағы Халықаралық конкурсында механика және математика бойынша Сарыағаш ауданы, Қ.Сатбаев атындағы №10 мектеп-интернатынан Байдәулет Бейсеновтер ІІ орын алып, күміс медальді иемденді.

339 қаралым

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*