«Ауған түйінін» кім тарқатады?

Таяуда РҒА-ның Шығыс­тану институтында ресейлік сарапшылар қоғамы алдында тұсауы кесілген Сұлтан Әкімбековтің «Ауғанстан тарихы» атты жаңа кітабынан тарихи ғана емес, сонымен бірге, қазіргі заманның ең бір көкейкесті сауалдарына жауап табуға болады.

Белгілі қазақстандық тарихшы және саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры ауған факторы тақырыбын жаңа жалпытарихтық ракурста біздің бүкіл құрлығымыздың тағдырымен тұтастыра отырып ашады.

Оның «Ауған түйіні және Орталық Азиядағы қауіпсіздік проблемасы» атты алғашқы іргелі кітабы 1998 жылы жарық көріп, 2003 жылы қайтадан басылған болатын. Содан бері Ауғанстан мен оның көршілерінің сыртқы жағдайлары мен тенденция­сына қатысты көптеген өзгерістер болды. Бірақ Ауғанстанның өзі сол күйінде, Шығыстың да, сондай-ақ, Батыстың да саясаттанушы сарапшылары үшін сол бұрынғы жұмбақ күйінде қалды. Тек бұл елде болып жатқан оқиғаларға оның тарихы арқылы қарау ғана көптеген сауалдарға жауап табуға жағдай жасайды. Автор ауған шындығына осы елдің түрлі тарихи кезеңдеріндегі тарихи, өңірлік және геосаяси аспектілер тұрғысынан, әсіресе, тарихи тәжірибеге салмақ сала отырып талдау жасайды. Нәтижесінде, бір қарағанда, таңғаларлық және түсінуге қиын болып көрінетін осы елдің өткені мен бүгініндегі көптеген жайттар белгілі бола түседі. Автор қазіргі уақытта сарапшылар қауымдастығын алаңдататын көптеген сауалдарға айқын және қисынды жауаптар қайтарады.

Ауғанстанда не болды және болашақта қалай болмақ? Оның дамуы осы өңірге қалай әсер етеді? 40 жылға жуық уақыт бойына Ауғанстан алдымен бұрынғы Кеңес Одағы үшін, кейінірек Орталық Азия мемлекеттері мен бүкіл әлем үшін проблема болып келді. Қазіргі күні де онда болып жатқан оқиғалар айтарлықтай оптимизм тудыра қоймайды. Бүгінде «Талибан» мен есірткі тасымалына ДАИШ проблемасы қосылып отыр.

Осы сауалдарға жауап беру тұрғысынан келгенде, С.Әкімбе­ков­тің кітабы тек Қазақстан саясаттану саласы ғана емес, Ресей, тіпті, бүкіл еуразиялық құрлық үшін де елеулі оқиға. Кітаптың Мәс­кеуде Шығыстану институтында өткен тұсаукесерінің кең ауқым­ды сарапшылар пікірсайысы үшін себеп болуы да тегіннен-тегін емес. Талқылауға Ресейдің Ауған­стандағы елшісі Вячеслав Трубни­ковтің, Шығыстану институты директорының орынбасары Вя­чеслав Белокриницкийдің, Қазіргі заманғы Ауғанстанды зерттеу ор­талығының директоры Омар Нессар­дың және басқа да белгілі маман­дардың қатысқанын айта кету қажет.

Пікірсайысқа қатысушылар кітаптың Орталық Азиядағы шешуші ел болып табылатын Қазақстанда жазылуының да айрықша маңызды екенін атап көрсетті. Бұл 1990-жылдардан бастап Ауғанстандағы оқиғалар қалыптастырып отырған қауіп-қатерлерге жақын орналасқан өңір. Сондықтан, дәл осы Қазақстанда ол елдегі, сондай-ақ, оның төңірегіндегі ахуалдарды кешенді түрде көру айрықша құнды.

С.Әкімбеков мемлекеттің өзі мен хал­қының тарихын ғана емес, осы мем­лекеттің дамуына көптеген жағдайда алғышарттар жасап, оны ұйымдастыру қағидат­тарын қалыптастырып отыр­ған территориясының тарихын да қозғайды. Оның сыртында С.Әкім­беков ұсынған Ауғанстан хроникасы – ол қоршаған әлем тарихы, өйткені, шекараларды қалыптастырып, дамудың жолдары мен бағыттарын айқындайтын да соның өзі. Кітапта ел билеушілерінің оны дамытудың үздік нұсқаларын іздестіруінің ұзын-сонар тарихы келтіріліп, сондай-ақ, олар түрлі уақыттарда жіберген қателіктерге талдау жасалған. Бұл – созылмалы соғыс, елдің ішінде де сол сияқты оның төңірегінде де жүріп жатқан ұзақ та қиын мүдделер қақтығысы туралы кітап. Сонымен бірге, автордың пікірінше, бүгінде Ауғанстан тарихы реформалар жүргізуде өте бағалы тәжірибе екенін де түсіну аса маңызды.

Бәлкім, ұзақ уақыттар бойы жазылмай келе жатқан ауған жарасын емдеу сыртқы ойыншылар арасындағы қарым-қатынастарға да байланыс­ты болуы мүмкін. Автор жекелеген державалардың көзқарасына байланысты болып келген Ауғанстанды жаңғырту проблемасына дұрыс салмақ салып отыр, деп түйіндеді ойын Ресейдің Ауғанстандағы төтенше және өкілетті елшісі В.Трубников.

Мереке ТАҢАТАРОВ.

2 547 қаралым

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*