Әлихан әлемі

Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков пен Жақып Ақбаевтың туған жері Қарағанды облысының бұрынғы Қоңырат, қазіргі Ақтоғай ауданы. Осы ауданды «контрреволюция ордасы» деп атап, оның халқын бертінге дейін айрықша бақылауда ұстады. Осы аудан орталығында Әлиханмен аталас Кейкі төренің қабірінің көртопырағын ештеңеден сескенбей тегістеп, тақтай еден төсеп, төрт құлақты саман кірпіштен қаланған мазарының төбесін шатырлап, НКВД аудандық бөлімінің кеңсесіне айналдырғанын, оның өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін тұрғанын көзіміз көрді.

Сондай-ақ, еліміз тәуелсіздік алардан сәл бұрынырақ Әлиханның атақорымы Талды­бейіттегі және Тоқырауын өзенінің бойындағы Дайыр төренің мазарындағы кезінде Смахан Бөкейханов орнатқан көктастардағы жазуларды өшіру мақсатымен Қарағандыдан арнайы келген жансыздың, ондағы ЖОО-ның бірінің профессорының есімдері жұрт жадында. «Құдайсыздар қоғамын» құрған Кеңес өкіметінің жандайшаптарының жантүршігерлік әрекеттерінің салдары жалғыз бұл емес. Бүгіндері елімізде 87 қала, 160-тан астам селолық аудан, мыңдаған ұсақ елді мекен бар. Солардың ішінде жалғыз Ақтоғай ауданында мәйітті таң атпай жерлеу рәсімі қалыптасқан. Оны басында жергілікті молдаларға «хадисте мәйітті күн шықпай жерлеу керек» дегенді айтқызған да, кейінірек жұрт жұмыстан қалмасын дегенге жатқызған да сол заманның «шолақ белсенділері».

Осындайда Ә.Бөкейханның жазба­ларындағы: «Құдайдан кейінгі күшті нәрсе – ғылым, ғылымнан кейінгі күшті нәрсе – дәстүр», деген тұжырымы еріктен тыс еске түседі. Жалпы, аруақтармен арпа­лысқандардың оңғанын ешкім көрген емес…

3 068 қаралым

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*