«Қазақмыс» корпорациясының жаңа басшысы тағайындалды

АЛМАТЫ. 24 наурыз. «Қазақмыс» корпорациясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) бас директоры Бақтияр Қырықпышев 2016 жылдың 1-ші сәуірінен бастап аталған корпорацияның басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан баспасөз клубына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.

Бақтияр Қырықпышев Қазақстан Республикасының барлық өкілетті органдарымен, Үкіметпен, Парламентпен, орталық және жергілікті атқарушы органдармен, компания атынан, компания қызығушылығын қорғай отырып, тығыз қатынаста жұмыс жүргізеді. Өндірістік, қаржылық, шаруашылық және талапқа сай жалпы қызметін қамтамасыз ету мақсатында сот және тағы да басқа мемлекеттік органдармен жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-нің өндірістік қызметін, инвестициялық саясатын және стратегиялық (кешенді) дамуын басқаруға және қатысты сұрақтарды шешуге құқылы.

Бақтияр Қырықпышев 1995 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2012 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін тау-кен өндірісі экономикасы мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы «Қазақмыс» компаниясында бастады. Шығыс Жезқазған кенішіндегі Жезқазған түсті металлургия кәсіпорнында барлық қызмет сатысынан өтті.

2008 жылдан бастап «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметін атқарды. 2010 жылы Бозшакөл кенішінің бас директоры, 2011 жылы «Қарағандытүстімет» және «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестіктерін басқарған. 2012 жылы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның өндіріс жөніндегі директоры, ал сол жылдың желтоқсан айынан бастап компанияның тау-кен өңдеу кешенінің бас директоры болып тағайындалды. 2013 жылдың желтоқсан айынан «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-ның бас директоры қызметін атқарды.

Айнаш Есали.

2 986 қаралым

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*