Миссия басшысымен кездесті

Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының басшысы Борис Фрлецпен кездесуі болды.

 Кездесуге ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясы басшысының орынбасары Полин Мария Лемос, ҚР ОСК мүшелері, сондай-ақ, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның сайлау және құқық мәселелері жөніндегі мамандары қатысты.

Ортсайлауком басшысы Фрлецке ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын байқау жөніндегі жұмысына, сондай-ақ, ұсынған ұсынымдары үшін алғыс білдірді.

«Біз ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Алдын ала тұжырымдар мен қорытындылар туралы мәлімдемесімен мұқият танысып шықтық. Біз Миссияның сайлауды ұйымдастырушылардың адал жұмысын жоғары бағалағанына қуаныштымыз», – деп атап өтті Қ.Тұрғанқұлов.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының басшысы өз кезегінде ҚР ОСК тарапынан кездесу ұйымдастырылғанына, сондай-ақ, көрсетілген көмек пен ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді.

Кездесу барысында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен ҚР ОСК сарапшыларының өзара іс-қимылын ұйымдастыруға байланысты мәселелер талқыланды.

«ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясымен ынтымақтастық аясындағы оң тәжірибені ескере отырып, біз электораттық науқан жөніндегі өз пікірімізді жеткізу үшін ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сарапшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дайын екенімізді білдіреміз, біздің пікірімізге құлақ асып, ескеретіндеріңізге сенім білдіреміз», – деп атап өтті Ортсайлауком басшысы.

Кездесу соңында Қ.Тұрғанқұлов «Біз ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының барлық сарапшыларына жүргізген жұмысы үшін алғысымызды айтамыз және бұдан әрі жемісті ынтымақтастықта болатынымызға сенім білдіреміз», – деді.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

2 727 қаралым

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*