Жарияланды: 12.08.2018

Шебердің қолы ортақ

Айжан бала кезінен іске ширақ, айтқанды айтқандай қағып алатын қағылез болып өсті. Үй шаруасына бейім, шырқ үйіріп әкететін ол жетінші сынып оқып жүргенде-ақ қолынан ине-жібі түспейтін. Тұлымшағы желбіреген бала кезінен қит етсе, қуыршаққа киім тігіп ойнайтын бұла қыз енді әкесінің қасынан бір елі шықпай, ертелі-кеш қолғабыс бере алатын көмекшіге айналды. Әкесі Тоқтабай ауыл-аймаққа танымал тігінші болатын. Ісмерлігі сондай қонышты етіктерді тігетін. Өз алдына шеберханасы болды, көбінде ерлердің киімін тікті. Көне ішіктерден қазақы тымақ тігетіні және бар.

-Үйде екі ұл, екі қыз болып өстік. Марқұм әкемнің жолын қуған балаларының ішіндегісі мен болдым, — дейді Айжан. Отбасының туып-өскен жері Өзбекстанның Сырдария облысы, Ақалтын ауданы, Сардоба поселкесі екен.  Бұл күндері Айжан тұрмыс құрған. Өмірдегі ең қуанышты кезеңдері – бала сүйді, үш баланың ардақты анасы атанды. Ал, 2012 жылы дәм-тұз бұйырып, осында Түлкібас поселкесіне көшіп келеді.

– Қазақстанға көшсек деген ойымыз әу бастан бар болатын, күйеуім Астана, Алматы, Көкшетау, Тараз қалаларында қатынап жұмыс істеп жүрді. Содан таңдауы — жері шүйгін, көк майса Түлкібасқа түсіпті. Бізді ұзатпай осында көшіріп алып келді. Бастапқыда оңай болған жоқ, жалғыз көрпе-төсекпен ғана жеткен жас отбасымыз, бірталай қиналдық. Мемлекеттік квотаның үстіне қалтамыздағы бар қаржымызды жамап-жасқап, шағын үй сатып алдық та, әрі қарай не істерімізді білмей отырып қалдық. Отағасы екеуміз де сол шақтары жұмыссызбыз, үш балаға алатын он сегіз мың теңге балалар жәрдемақысымен күнелттік. Бір күні сондай кезекті жәрдемақымды алуға барғанда, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі мамандар «Өрлеу» бағдарламасының басталғанын, бұдан былай жәрдемақы тоқталатынын айтты. «Қолыңыздан не кәсіп келеді? Жәрдем берейік!» деді олар. Мен тігіншілікпен айналыса алатынымды айттым. Көп ұзамай жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 394 472 теңге берілді. Осы қаржыға су жаңа екі тігін машинасын, қажетті маталарымды сатып алдым. Бұрынғы ескі тігін машинаммен көрші-қолаңның ұсақ-түйегін тігуге жарап жүрген болатынмын, енді құрал-жабдықтарым түгенденген соң, батылданып тапсырыстар ала бастадым. Қазір киім-кешектің барлық түрі, той көйлегі, пальто, төсек жабдықтары, перде, түрлі жапқыштар, балалар киімі, қыз жасауы… қолымнан келгенше елдің сұранысын қабылдауға тырысамын.  

Міне, Айжанның қысқаша әңгімесі осы. Барлығын жастай бастап, ерте бастан еңбекке араласқанның, ісінің алға басқандығының жемісі болар, шеберлігін бағалап, тапсырыс берушілер қатары артты, осы күніне шүкіршілік етеді. Халықтың кәдесіне жарап, қызмет етіп отырған, соған сай маңдай терімен еткен еңбегінің нәтижесін көрген қандай керемет! Енді толықтай аяқтан тұру үшін Айжан Базарбаева тігін бөлмесін одан әрі дамытуды ойлады. Қазір үйінің бір бөлмесін алып отырған отыздағы келіншек, келешекте өз алдына цех ашып, іргесін кеңейткісі келеді. Өзінің қанша жылғы тәжірибесіне сеніп, екіншіден, тәуекел етіп, табандылық танытпаса, бәсекелес заманы емес пе, күннен күнге тігіншілер қатары көбейіп келеді, талғам мен сән де жыл сайын өзгеріп, адамдар өрнекті, кестелі, соңғы үлгідегі киімдерді іздейді. Соған сай заманауи, сапалы, кестелеп тігетін – бағасы төрт жүз елу мың теңге тұратын тігін машинасын алуды мақсат тұтып отыр. Ол үшін тағы да мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бақ сынып көргісі бар. Өнерлінің өзегі талмас деген, «өзім дегенде өгіз қара күшім бар», Айжан өзі жоспарлағандай, бастысы нарықтан өз орнын тауып, ілгерілеп келеді. «Өнер таусылмас азық, жұтамас байлық» деген осы. Бойыңдағы өнерді сыртқа шығарып, оны ел кәдесіне жаратып, өз кәсібін нәсіпке айналдыра білген оған әрі қарай тек табыстар тілейміз.    

 

Қ.Ахметова

 

1 622 қаралым