Жарияланды: 09.07.2018

Әріптестік аясында…

Түркістан облысына күнгей мен батыс аймақ арасындағы байланысты арттыру мақсатында делегация келген болатын. Екі облыс арасындағы экономикалық ынтымақтастық орната отырып, өзара тауар айналымын ұлғайту, өңірлердің экономикалық жағдайын жақсарту жоспарланып отыр. Осыған орай  делегация мүшелері «Оңтүстік» индкстриялды аймағында орналасқан бірнеше ірі кәсіпорындарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Қонақтардың алғашқы бас сұққан өндіріс орны шыны шығарумен айналысатын «Еврокристалл» серіктестігі болды. Түтіні түзу ұшып, тірлігі қайнап жатқан кәсіпорын бүгінде ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорт көлемін де арттырып келеді. Шыны шығаратын зауыттың елімізде баламасы жоқ. Өнімдерін  Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстанға экспорттайды. Өндіріс орнында 350 адам жұмыс істейді. Жылына 200 млн шыны шығаратын кәсіпорынның 95 пайызы автоматтандырылған. Рустам Сухов, «Еврокристалл» ЖШС-нің бас директоры: «Былтырғы жылы тағы бір пешімізді өндіріске қостық. Бұл өз кезегінде жұмыс қарқынын үш есеге арттырып отыр. Жобаның жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды. «Жол картасы» бағдарламасы арқылы «Даму» қоры қаржыландырған болатын, ал екінші кезекте «Қазақстанның даму банкі» көмек қолын созды. Бүгінде өндірісіміз қарқынды даму үстінде».

 

1 431 қаралым