«Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы Бүкіләлемдік бокс сериясының алтыншы маусымдағы кезекті жекпе-жегін Петропавл қаласында өткізіп, мұхит асып келген «Puerto-Rico Hurricanes» командасымен қолғап түйістірді. Бокс десе, ішкен асын жерге қоятын солтүстікқазақстандық жанкүйерлердің бұл күнді тағатсыздана күткені соншалық, «Жеңіс» спорт мектебінің атшаптырым залында тізе бүгер орын табылмағандықтан, былғары қолғап шеберлерінің шаршы алаңдағы жан алысып, жан беріскен айқасын түрегеп тұрып тамашалағандарда есеп болмады.
Ойын басталар алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында команданың бас директоры, Лондон Олимпиадасының чемпионы, баркер кубогының иегері Серік Сәпиев маусымаралық үзілісте команда құрамына өзгерістер енгенін жеткізді. Бас бапкерліктің тізгіні республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековке сеніп тапсырылған. Осында ел намысын абыроймен қорғап жүрген ұлттық команданың көшбасшы боксшылары Рио-де-Жанейрода күтіп тұрған Олимпиадаға тас-түйін дайындыққа қызу кіріскендіктен, жаңа құрамаға 30 боксшы қабылданып, болашағынан мол үміт күттіретін жастармен толыққан.
Астаналықтардың шешуші айқасқа тыңғылықты әзірлікпен келгені бірден байқалды. Олай дейтініміз, 23 қаңтарда шымылдығы ашылған байрақты бәсекенің алғашқы ойынында күшті командалардың бірі Әзербайжанның «Баку оттарын» тізе бүктіргенімен, додада бірінші рет өнер көрсеткен өзбек ағайындарға есе жіберіп алған. Осы жолы жеңіске жетсе, плей-офф турниріне жолдама алмақ. Міне, шаршы алаңға 49 кило салмақ дәрежесі бойынша Мардан Берікбаев пен Джон Ортис көтеріліп, жұртшылық тағатсыздана күткен мәртебелі матчтың алғашқы жекпе-жегі басталып кетті. Қарсыласынан бойы да, қолы да ұзындау қазақстандық осы артықшылығын ә дегеннен ұтымды пайдаланып, соққыларын үдетті. Шабуылын күтіп алып та, қорғана жүріп те ұпай санын еселей түсті. Сөйтіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. 56 кг салмақтағы Нұрсұлтан Көшеғұлов Эдгардо Оскар Ролон Вареламен қолғап түйістіргенде, демімізді ішке тартқанбыз. Тапалтақ бойлы, мығым денелі оның ұрымтал тұстарды мүлт жібермейтін шапшаң қимылынан сескенгенбіз. Бірнеше соққысын дарытып үлгерді. Алайда, екінші раундтың соңында Нұрсұлтанның қақ маңдайға туралаған соққысы шаршы алаңның қожасы кім екенін танытқандай әсер қалдырды. Пуэрторикалықтың одан арғы халі белгілі болды. Янкарлос Ривьераның (64 кг) келмеуі себепті команда капитаны Самат Бәшеновтің еншісіне бір ұпай бұйырды. Ал Әбілхан Аманқұл (75 кг) Раул Санчес Мартені бұрыш-бұрышқа қуып жүріп сабады десек, артық айтқандық болмас. Бұдан кейін Еркін Мұхамеджанның (91 кг) рингке шығуынан түсуі жылдам болды. Оның атан түйені жалп еткізетіндей күрзі соққысы Иван Хоэл Росадо Торрестің талмау жеріне дөп тиді. Төреші есеп ашты. Орнынан сүйретіле тұрып, жұдырықтасуды жалғастырғанмен, тағы бір ауыр соққыдан кейін техникалық нокаут жазылды.
«Puerto-Rico Hurricanes» командасының бапкері Мануэль Пабон былтыр турнир кестесінде жетінші орын алған жетістігіне тоқтала келіп, арландықтардың талассыз таза жеңіске жеткенін мойындады. Матчтың ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Сайдың тасындай іріктелген оғландарымыз бапкерлердің алға қойған тапсырмасын мүлтіксіз орындап, тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Бұл, бір жағынан 2 сәуірде Өскеменде Өзбекстанның «Uzbek Tigers» командасына қарсы өткізілетін жарыс алдындағы шыңдалу шыңы болғаны анық.
Өмір ЕСҚАЛИ