Жарияланды: 19.08.2025

Алдамшы жолмен алма бақтарын субсидиялауға арналған 255 млн. теңгені ұрлаған

фото ШСБҚ

 
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушылар И. мен С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
 
И.-ге ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам ретінде, алдын — ала сөз байласу арқылы адамдар тобында өзіне сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру) айыпталған.
С.-ға ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы және 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (алдын — ала сөз байласу арқылы адамдар тобында өзіне сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру, сондай-ақ сенімге кіріп, алаяқтық жолымен бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемдену) айыпталған.
 
2017-2018 жылдар аралығында С., «G…» ЖШС-гі директоры бола отырып, ал И., «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары және бір мезгілде осы қордың басқарма мүшесі, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам ретінде, басқа да анықталмаған тұлғалармен алдын — ала сөз байласу арқылы «Алма бау бақшалары» ӘКК және «Оңтүстік бау бақшалары» ӘКК аясында алма бақтарын салу кезінде қылмыстық топ құрып, 430 658 050 теңге мөлшерінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның ақшалай қаражатын иемденіп алған, осылайша мемлекетке аса ірі мөлшерде материалдық залал келген.
 
Сонымен қатар, С. 2019 жылы өзге де анықталмаған тұлғалармен алдын — ала сөз байласу арқылы Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы басқармасы мемлекеттік мекемесімен қарым-қатынаста алдамшы жолмен алма бақтарын субсидиялауға арналған 255 298 000 теңге сомасындағы бюджет қаражатын ұрлап, мемлекетке аса ірі көлемде материалдық зиян келтірген.
 
Сотталушылардың кінәсі куәлердің жауаптарымен, сотталушы С.-ның кінәсін мойындау жауаптарымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.
 
Прокурор сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы С. өзіне бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы И. өзіне қатысты ақтау үкімін шығаруды сұрады.
 
Жаза тағайындау барысында сотталушылардың қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайларға асырауында кәмелет жасына толмаған балалары болуын ескерген. Ал, қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
 
Сот, С.-ны ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен және ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танып, мүлкі тәркіленіп, коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан 5 жылға айыра отырып, түпкілікті 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
И.-ды ҚК-тің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
470 қаралым