Жарияланды: 02.10.2025

ТҮРКІСТАНДА ХI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКОЛОГИЯ КОНГРЕСІ БАСТАЛДЫ

фото ТОӨКҚ

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да ХI Халықаралық Түркология Конгресі басталды. Оқу ордасында Түркология ғылыми зерттеу институтының ұйымдастыруымен еліміз бен шетелдік түрколог ғалымдар 2 жылда бір рет басқосады. Дәстүрлі түрде өтетін конгрестің биылғы тақырыбы – «Түркология және Түркі дүниесі».
Конгресс ұйымдастырушыларының қатарында Хажеттепе университеті, Селчүк университеті, Анкара Қажы Байрам вели университеті, М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты, Ә.Науаи атындағы Мемлекеттік Әдебиет музейі, Әзірбайжан Ұлттық Ғылым Академиясы да бар. Айтулы жиынға Қазақстан, Ресей, Түркия, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Қытай, Өзбекстан, Татарстан мемлекеттерінен онлайн және оффлайн форматта 500-ге жуық ғалым қатысуда.
Шараның басты мақсаты – түркология ғылымының қазіргі заманғы даму сипаты және оның өзекті тұғырнамалары бойынша пікір алмасу. Осы арқылы түркологияның заманауи тенденцияларын анықтай отырып, оның дамуына ықпал ету. Түркологиялық зерттеулерді тұтастай жинақтай отырып, олардың теориялық, әдістемелік және практикалық мәнін саралау барысында оқу үдерісіндегі маңызын қарастыру. Конгресс аясында 30-дан астам белгілі ғалым 120 баяндама оқиды. Айта кетейік, Конгресс жұмысы «Түркі тілі және әдебиеті», «Түркі мәдениеті және өнері», «Түркі тарихы және әлеуметтік-мәдени құрылымдар», «Түркі дүниесі және халықаралық қатынастар», «Түркі тілдерін оқыту және тіл саясаты», «Түркі дүниесіндегі қазіргі әлеуметтік-саяси және экономикалық дамулар» тақырыптары аясында жүреді. Сонымен қатар, 24 секциялық отырыс өтіп, ғалымдар түркология саласына қатысты ой-пікірлерін түрлі тақырыпта ортаға салады.
5 015 қаралым