
Шырайлы деген атауы бар Шымкент расында күн өткен сайын көркейіп келеді. Шымшаһарда жалпы 156 орталық көше, 8 саябақ, 32 гүлзар, 46 ескерткіш бар. Көшенің де, саябақтың да тазалығына жауапты мекемелер шырайлы қаланың шырайын арттыруды өздерінің міндеті санайды. Үшінші мегаполис тұрғындарының мәдени сауаттылығын арттыру да басты назарда. Ол үшін үгіт-насихат жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Көшеге пісте шақпау, қоқыстарды бей-берекет шашпау туралы билбордтар ілінген. Қала тұрғындары көріктендіру жұмыстарына бір-бірімен жарыса атсалысуға тырысады. Өз ауласы мен көшесін гүлдендіріп, «Таза қала» байқауына қатысушылар қатары да күн санап артып келеді. Қаланың тазалығына «ЛТД Тұрмыс», «СМД-Құрылыс», «Бәйтерек-ЛБ», «Югдорсервис» ЖШС мердігер мекемелері жауапты. Қазір атқарылатын жұмыстың негізгісі – көшелерді жуу, қала аумағындағы гүл, ағаш сынды жасыл желекті күтіп ұстау, суару жұмыстары кестеге сай атқарылуда. Бұл шаруалар көбіне кешкі және түнгі уақыттарда атқарылады, дейді жауапты мамандар.
Ел тұмар Ақпараттық портал
