Жарияланды: 26.01.2023

ТҮРКІСТАН: ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Түркістандағы үкіметтік емес ұйымдар өз жобаларына қаржылай қолдауды және гранттарды қалай ала алады? Бұл туралы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ өкілдері түркістандықтармен кездесуде жауап берді.
Келелі жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Ғалым Құрман, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев, өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдері, облыс әкімдігінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған кездесу жергілікті ҮЕҰ өкілдеріне «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ бастамаларын жеткізу, 2023 жылы ҮЕҰ өкілдеріне гранттар ұсынудың жаңа рәсімдерін түсіндіру, ҮЕҰ өкілдерінің әлеуетін арттыру және гранттық қаржыландыруға тарту мақсатында ұйымдастырылды.
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттар мен сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор болып саналады.
– Заңға сәйкес, аталған Орталық азаматтық бастамаларды қолдау және ҮЕҰ әлеуетін әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге тарту мақсатында ҮЕҰ үшін мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттар береді, сондай-ақ олардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асырады, — «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Ғалым Құрман.
Айта кетейік, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ өкілдерінің өңіріміздегі сапары ертең де жалғасады.
910 қаралым