Жарияланды: 10.10.2025

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ

фото ШӨКҚ

Бүгін Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы ең ауқымды халықаралық іс-шаралардың бірі — AGRITECH TURKESTAN & GROWTECH SHYMKENT-2025 көрмесі өз жұмысын бастады.
Бұл көрме Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында атап көрсетілген ауыл шаруашылығын әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр.
Іс-шараның басты мақсаты — ауыл шаруашылығы, жылыжай шаруашылығы, өсімдік өсіру, суару жүйелері, бау-бақша және агротехнологиялар салаларындағы заманауи жетістіктер мен инновациялық шешімдерді ұсыну, тәжірибе алмасуға жағдай жасау және отандық пен шетелдік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Биылғы көрмеге Қазақстанмен қатар, Түркия, Нидерланд Корольдігі, Қытай, Ресей, Өзбекстан және өзге де елдерден 80-нен астам жетекші компания қатысуда. Сонымен қатар іс-шараға Анталия сауда-өнеркәсіп палатасының делегациясы мен құрамындағы 30-дан астам түрік компаниясы арнайы келді.
Көрме аясында «Шаруа–2025» семинар-конференциясы өтіп, онда агросаланы дамыту, фермерлерге қолдау көрсету, су ресурстарын тиімді пайдалану, экспорттық әлеуетті арттыру және инновациялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Көрменің ресми ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов сөз сөйлеп, іс-шараның стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл халықаралық көрме ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа идеялар мен серіктестіктердің бастауы болмақ.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын инновациялау мен технологиялық жаңғыртуды стратегиялық басымдық ретінде белгіледі. Осы бағытта Шымкент қаласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде», — деп атап өтті.
7 748 қаралым