Жарияланды: 28.11.2018

Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында семинар өткізілді

Отырар ауданы, Темір ауылдық мәдениет үйінде орналасқан Темір ауылдық кітапханасында «Жастардың ақпараттық мәдениетін қалыптастырудағы кітап оқудың әсері» атты аймақтық семинар өткізілді. Отырар аудандық балалар кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткізілген семинарға 23 ауыл округіндегі ауылдық кітапханалардың меңгерушілері қатысты.
Семинар мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітапханалар арасында байланыс орнату, жинақталған тәжірибелермен алмасу.
Бас қосуда аудандық орталық кітапхананың кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Р.Пернебаева соңғы жылдары жастардың көркем әдебиет, мерзімді басылымдарды оқуға деген қызығушылығының азайып бара жатқандығы, «Жастардың кітап оқуға деген ынта – ықыласының төмендеуіне кім кінәлі?» т.б. мәселелерді көтерді. 
Сондай-ақ, жастарды оқуға тарту, патриоттық, тәрбиелік бағыттағы кітаптарды насихаттаудың озық тәжірибелері бойынша маңызды сұрақтар талқыланып, тренинг, іскер ойындар ұйымдастырылды. 
Жастардың ақпараттық мәдениетін дамытуда кітапхана қызметі мен оның алатын орны және басқа да жағдайларға қатысты мәселелер қарастырылды.
Аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Н.Атымтай «Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруда кітапхананың ролі» атты баяндамасын оқып, жасөспірімдермен жұмыс жасауда жаңа инновациялық технологиялармен бөлісті. 
Сондай-ақ, кітапханашы Т.Бимурзаева ақпараттық қоғамда кітаптың әлеуметтік және мәдени маңыздылығына тоқталып, «Білім көзі – кітапта» – деген қанатты сөз қазіргі жас ұрпақтың бағдаршамындай мәңгі жарқырап тұруы керек. Өйткені кітап – адамзат өмірінің құнды мұрасы, алтын қазынасы, ғұмыр шежіресі екенін атап өтті.
Семинарға қатысушы ауылдық кітапхана кітапханашылары «Жастардың оқу мәдениеті және оны кітапханада қалыптастырудың жолдары» тақырыбында ашық әңгіме барысында өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

 
871 қаралым