Жарияланды: 13.12.2018

Әлеуметтік мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасап келеді

Түлкібас ауданы  “Т.Рысқұлов автопаркі” ЖШС-нің басшысы, ауданға есімі кеңінен белгілі азамат Қалмахан Сексенбаев жетім — жесірлерге, көп балалы отбасыларға, ардагер-ағаларға, қазыналы қарияларға көлік жағынан жәрдем беру, демеушілік жасаумен келеді. “Т.Рысқұлов автопаркі” ЖШС-нің басшысы Қ.Сексенбаевтың қамқорлығының арқасында ардагер ағалар, аяулы да асыл аналар, жас жеткіншектер, облыстың қасетті аймақтарға сапар шегіп, діттеген жерлеріне барып тұрады. Жақында аудан әкімі Н.Тұрашбековтің ұйытқысымен Майлыкент ауылдық округіндегі он сегіз қариялар мен Макаренко атындағы жалпы орта мектеп жанындағы интернатта жатып оқып жатқан жетім-жесір, тұрмысы төмен отбасылардан құралған он бес оқушы мен үш тәрбиешіні өз қаражатымен Бәйдібек ауданындағы қасиетті де киелі жерлерге апарып қайтты. Екі “Газель” көлігіне емін-еркін жайғасқан 40-шақты адам “Бәйдібек ата”, “Домалақ ана”, “Қос ана” кесенелері мен “Ақмешіт” үңгіріне саяхат жасап, осында мәңгілікке дамылдап жатқан бабалар рухына зиярат жасап, Құран бағыштады. Тамыры тереңде жатқан көне тарихты сусындап, халқымыздың өткен өмір жолдарымен танысты. Осы сапардың бәріне демеуші болып, 40-шақты адамдарға мінсіз қызмет көрсетіп, қайырымдылықтың ерен үлгісін танытқан Сексенбаевтар отбасына ауданның Құрметі азаматы Қ.Әмірбеков, қажы Т.Бердібеков, ұлағатты ұстаз Б.Есімбеков, Майлыкент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Оңғарбеков жолаушылар атынан ризашылық сезімдерін жеткізіп, қайырымдылық шарасын ұйымдастырған Қалмахан Сексенбаевтың алдағы қызметіне сәттіліктер тіледі. 

568 қаралым