Жарияланды: 14.12.2018

Тұрмысы төмен 200 отбасыға көмек қолын созды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жеке кәсіпкер тұрмысы төмен, көмекке зәру 200 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетті. Бұл күні арнайы орталық мешітке келіп, мұқтаж жандарға азық-түлік таратып, кілем берді. Кейбіріне қаржылай қолдау көрсетті. Еңбектің ебін, кәсіптің көзін тапқан жеке кәсіпкер Саухан Аташбекұлы игілікті ісін әлі де жалғастырмақ ниетте.

Тағдырдың тауқыметін әбден татқан Нұржамал Рахымбердиева, жалғыз басты ана. Демікпе ауруына шалдыққан жан бүгінде еңбекке жарамсыз. Бес баланың оқуы мен ас-ауқатына мемлекеттен бөлінетін жәрдемақы әзер жетеді. Осындай қиындықта қол ұшын созып, көмек көрсететін ел ағаларының барына жаратқанға шүкіршілік етеді. Тағдырдың қиындығына төзіп жүрген  отбасылар қаншама. Олардың жағдайына алаңдап, тұрмысын түзеуге тырысқан Саухан Аташбекұлы Түркістан облысында жомарт жандардың көп екеніне сенеді. Жұрт болып жұмылуға шақырады. Өзгелерге өнеге, кейінгігі ізгі жол көрсеткен кәсіпкер бұл жолы тапқан табысының бір мөлшерін жоққа санады. Екі миллион теңгеге азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарын алып, қаржылай көмек көрсетті. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Жомарттықпен жан семірткен жеке кәсіпкер осылайша игі ісін сауаппен сабақтастырды. Бүгінгі ұрпақ — алдыңғы аға буынға қарап бой түзейді.

 

 

605 қаралым