Жарияланды: 12.10.2026

ҚАРЖЫНЫ БАСҚАРУ – ӨЗІҢДІ БАСҚАРУ

фото kz.otyrar.kz

 

    Қаржылық сауаттылық дегенде көп жағдайда күрделі экономикалық ұғымдар елестейді. Шын мәнінде, оның бастауы өте қарапайым. Ол – өзіңнің табысыңды, шығыныңды және қаржылық мүмкіндігіңді дұрыс білу.

    Мен мұны өз тәжірибемнен түсіндім.

    Ай сайынғы табысым – 200 мың теңге. Бір қарағанда, бұл белгілі бір қажеттіліктерді өтеуге жететіндей көрінеді. Бірақ ай сайынғы несие төлемі, коммуналдық қызметтер, азық-түлік, жол шығыны және басқа да күнделікті қажеттіліктерді қосқанда, ай соңында қолда көп қаражат қалмайды.

    Кейде тіпті есепсіз жұмсалған ақшаның кесірінен қарызға да кіріп кететін кездер болды.

    Сонда бір нәрсеге көзім жетті: мәселе тек табыстың көлемінде емес екен. Мәселе – қаржыны қалай басқаратынымызда.

    Адамның табысы артқан сайын оның шығыны да бірге өседі. Бұрын алмай жүрген дүниені ала бастайсың. Қажет болмаса да «ақшам бар ғой» деп жұмсайсың. Күнделікті ұсақ шығындарға мән бермейсің. Бірақ ай соңында сол ұсақ шығындардың өзі қомақты қаржыға айналады.

    Осыдан кейін қаржылық сауаттылық туралы басқаша ойлана бастадым. Қаржылық сауаттылық – көп ақша табуды ғана емес, қолдағы ақшаны тиімді басқаруды үйрену екенін түсіндік. Оның ең қарапайым жолы – алдын ала жоспар жасау.

    Айлық түскен соң не қалатынын күтпей, керісінше, айлықты алдын ала бөлу керек. Міндетті төлемдерге қанша кетеді? Азық-түлікке қанша қажет? Жол шығыны қанша? Қарызды өтеуге қанша қаражат жұмсалады? Қанша соманы жинаққа қалдыруға болады?

    Осы сұрақтардың жауабы алдын ала белгілі болса, қаржыны басқару да жеңілдей түседі.

    Бұрын мен көбіне алдымен жұмсап, кейін есептейтінмін. Енді алдымен есептеп, содан кейін жұмсау керек екенін түсіндім.

    Бұл – қарапайым өзгеріс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ адамның қаржылық тәртібіне үлкен әсер етеді.

    Қаржылық сауаттылықты жетілдіру дегеніміз де осыдан басталады. Яғни әр адам өзінің қаржылық мүмкіндігін дұрыс бағалап, табысы мен шығынын жоспарлап, қажетсіз қарыздан сақтанып, болашаққа қаржы жинауды үйренуі керек.

    Әсіресе қазіргі уақытта бұл өте маңызды. Себебі бізге қаржы жұмсаудың мүмкіндігі бұрынғыдан да көп. Несие алу оңай. Бөліп төлеу бар. Онлайн сауда бар. Түрлі қаржылық қызметтер қолжетімді. Бірақ мүмкіндік көбейген сайын жауапкершілік те артады.

    Сондықтан кез келген қаржылық шешім қабылдамас бұрын өзімізге: «Бұл маған шынымен қажет пе? Мен мұны төлей аламын ба? Бұл шешім менің келесі айдағы бюджетіме қалай әсер етеді?» деген сұрақтарды қоюымыз керек.

    Қаржылық сауаттылықтың тағы бір маңызды бағыты – қарызды дұрыс басқару.

    Несие алуға болмайды деген сөз емес. Кей жағдайда несие қажетті мәселені шешуге көмектеседі. Бірақ оны алмас бұрын жалпы қанша қайтаратыныңды, ай сайынғы төлемнің отбасы бюджетіне қаншалықты салмақ түсіретінін есептеу қажет.

    Бірнеше шағын несие мен бөліп төлеуді қатар алу да адамның қаржылық мүмкіндігін шектейді. Сондықтан қарыздың көлемін бақылау – қаржылық сауаттылықтың маңызды бөлігі.

    Сонымен қатар бүгінгі таңда қаржылық сауаттылықтың құрамына қаржылық қауіпсіздік ұғымы да еніп отыр.

    Телефон арқылы хабарласқан бейтаныс адамға банк картасының деректерін айтпау, SMS арқылы келген кодты ешкімге бермеу, күмәнді инвестициялық ұсыныстарға ақша салмау, қаржы ұйымының ресми ақпаратын тексеру – мұның бәрі қаржылық сауаттылықтың қарапайым ережелері.

    Демек, қаржылық сауатты адам – тек ақшасын есептейтін адам емес. Ол өз қаржысын қорғай алатын, қаржылық тәуекелді бағалайтын, дұрыс шешім қабылдайтын адам.

    Меніңше, қаржылық сауаттылықты арттыруды әр отбасы өзінен бастауы керек.

    Балаларға да ақшаның қадірін үйрету қажет. Оларға ақшаны тек жұмсаудың емес, жинаудың, жоспарлаудың және мақсатқа пайдаланудың мәнін түсіндірген жөн.

    Өйткені қаржылық сауаттылық бір күнде қалыптаспайды. Ол күнделікті әдет арқылы жетіледі.

  • Бүгін шығынды жазу;
  • Ертең артық сатып алудан бас тарту;
  • Келесі күні белгілі бір соманы жинаққа бөлу;
  • Несие аларда шартын мұқият оқу;
  • Қаржылық ақпаратты тексеру.

    Осындай қарапайым қадамдар адамның қаржылық мәдениетін қалыптастырады.

    Мен үшін осының бәрі бір нәрсені көрсетті: қаржылық тұрақтылық тек жоғары табысқа байланысты емес. Ол – қаржылық сауаттылыққа, тәртіпке және жоспарға байланысты.

    200 мың теңге де дұрыс жоспарланса, өз міндетін атқара алады. Ал одан көп ақша табудың өзі есепсіз жұмсалса, ай соңында жеткіліксіз болуы мүмкін.

    Сондықтан қаржылық сауаттылықты жетілдіру – бүгінгі қоғам үшін маңызды міндет.

    Өйткені қаржысын дұрыс басқара білген адам тек бүгінін емес, ертеңін де ойлайды.

    Ал өз қаржысын жоспарлай алған адам күтпеген жағдайға дайын болады, қажетсіз қарыздан сақтанады, жинақ қалыптастырады және өз мақсатына біртіндеп жақындайды.

    Қаржы көлемі артқан сайын шығынның да көбейетіні рас. Бірақ қаржылық сауаттылық жетілген сайын оны басқару мүмкіндігі де артады.

    Сондықтан байлықтың алғашқы қадамы – көп ақша табу емес, қолыңдағы ақшаның есебін білу.

    Ал қаржылық сауаттылық – сол есепті дұрыс жүргізіп, әр теңгені өз орнымен жұмсауды үйрену.

Бақдәулет АЙДАҒАРАЕВ

127 қаралым