Жарияланды: 24.11.2026

Түркістан облысында ұсталған мас жүргізуші 15 тәулікке қамалды

фото ТОПД

 
Түркістан облысында полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы қызмет атқаруда. Кезекті түнгі патрульдеу барысында тәртіп сақшылары жол ережесін бұзған жүргізушіні анықтады. Құқық бұзушылық қызметтік автокөліктің бейнетіркегішіне түсіп қалған.
 
Атап айтқанда, түнгі сағат 02:00 шамасында Түркістан облысына қарасты Жетісай қаласындағы М.Әуезов көшесінде патрульдеу жүргізіп жүрген полицейлердің назарына Volkswagen автокөлігі іліккен. Қырағылық танытқан тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, тексеру жүргізді.
 
Тексеру нәтижесінде 55 жастағы жүргізушінің көлікті масаң күйде басқарғаны анықталды. Полицейлер құқық бұзушылықты тіркеп, тиісті құжаттарды рәсімдеп, материалдарды сотқа жолдады. Сот шешімімен азамат кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
 
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы кезінде жауапкершілік танытуға шақырады. Масаң күйде рөлге отыру өз өміріңізге ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне де қатер төндіреді.
65 қаралым