Жарияланды: 14.05.2020

«Шевроннан» 70 мың респиратор маска

Коронавирустық инфекция жағдайларында медициналық персоналды қорғауды күшейту жобасының аясында “Шеврон” компаниясы Колумбия университетінің жанындағы ICAP орталығымен бірге Алматы қаласындағы медициналық мекемелерге 70 000 респиратор маска тапсырды.
Алматы қ. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұсынысы бойынша, маскалардың көбі COVID-19 диагнозы расталған пациенттерді емдейтін және инфекциясы бар болуы мүмкін пациенттерді бақылайтын барлық инфекциялық стационарларға жіберілді. Сонымен қатар респиратор маскалары басқа да медициналық мекемелерге тапсырылды.
Дұрыс пайдаланған жағдайда ICAP сатып алған FFP2 қорғаныс класты респиратор маскалар медициналық қызметкерлерді СOVID-19 вирусының ауа-тамшылы берілуінен жоғары деңгейде қорғайды. Қазақстан Республикасымен 27 жылдан астам серіктестігі барысында “Шеврон” компаниясы жергілікті медициналық мекемелердің инфрақұрылымдарын жақсартуға және қазақстандық дәрігерлердің әлеуетін дамытуға бағытталған көптеген жобаларды іске асырды. Биылғы жылдың наурызында компания Алматы балалар инфекциялық ауруханасында COVID–19 вирусына шалдыққан пациенттерді емдеу үшін екі жоғары технологиялық ИВЛ (өкпені жасанды желдету) аппаратын орнатты. Сонымен қатар сәуір айында “Шеврон” ICAP орталығымен бірге Денсаулық сақтау министрлігіне Қытайдан COVID–19 бойынша мамандар делегациясының сапарын ұйымдастыруға көмектесті. “Қытай мамандарының келуі өте орынды әрі пайдалы болды. Онлайн семинарлар барысында Қазақстанның барлық аймақтарындағы дәрігерлер қытайлық әріптестерімен COVID–19 диагностикасы және емдеу тәжірибесін, сонымен қатар Қытайда пайдаланатын вирустың одан әрі таралуын эпидемиологиялық бақылау әдістерін талқылады”, – дейді ICAP Орта Азия елдеріндегі директоры Анна Дерябина.
ICAP орталығы АҚШ, Нью-Йорк қ. Мэйлман ат. Колумбия университетінің қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің бөлігі. Орталық жұмысының негізгі мақсаты отбасылар мен қауымдастықтар денсаулығын жақсарту болып табылады. Бүгінгі таңда ICAP 30-дан астам елде денсаулық министрліктеріне денсаулық сақтау жүйелерін нығайту, медицина қызметкерлерін оқыту, денсаулық сақтау саласында инновациялық әдістерді әзірлеу және іс жүзінде пайдалану саласында консультациялық-әдістемелік көмек көрсететін және ірі ауқымды зерттеу жобаларын жүргізетін ірі халықаралық ұйым. Қазақстан Республикасында ICAP 2011 жылдан бері АИТВ инфекциялары бойынша бағдарламалардың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз жұмыс істеп келеді.

 

 

 

 

 

 

 

737 қаралым