Жарияланды: 18.12.2020

Ақпан айында әлемнің 60 елінде Түркістан жайлы бейнеролик көрсетілмек

Рашид Абатұлы U: projects ұйымдастыруымен өткен қала кәсіпкерлерімен жүздесуге қатысып, жобалар мен қолдаулар жайлы ойын ортаға салды.

«Екі аптадан соң кәсіпкерлерге арналған жобамызды ұсынамыз. Сол себепті, өздеріңізбен қайта жүздесіп, презентация түрде таныстырылым жасауды жөн көріп отырмын», — деген шаһар басшысы одан өзге туристерді тартуда бірнеше нысанның маңызы зор екендігін айтып өтті.

Мәселен, арнайы экономикалық аймаққа кіретін «Керуен сарай» кешенінде салыққа арналған жеңілдіктер болады. Рашид Абатұлы кәсіпкерлер үшін аттракциондар, арт ресторандарды қолға алуға кеңес берді. Одан өзге, туризм саласын дамыту бойынша келер жылдың ақпанынан бастап әлемнің 60 елінде киелі шаһар жайлы бейнеролик көрсетілетінін айтып өтті. Ал, Дүниежүзілік «Біріккен қала және жергілікті билік» ұйымы тарапынан 3000-ға тарта қалада жарнама жасалады.

Сондай-ақ, аталған жиынға келген кәсіпкерлер өздерінің кәсіп бастауда бастан өткерген оқиғалары мен жобаның қала дамуына көрсетіп жатқан тұстарына тоқталып өтті.

Жалпы, U: projects жастары 4 айдан бері кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастыруды қолға алған. 20-35 жас аралығындағы кәсіп иелерінің басым бөлігі киім тігу, тәттілер дайындау, жарнама жасау мен тазалық жүргізетін істермен айналысады. Мақсат — кәсіпкерлердің біріге қаланың дамуына қолдау көрсетіп, инвестиция тартуға шақыру болып табылады.

2 169 қаралым