Жарияланды: 12.01.2022

Шымкентте омикрон штамы анықталды

Шымкентте эпидахуал өршіп, «қызыл» аймаққа кіргені белгілі. Өйткені коранивирус жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Шымкент қаласының бас дәрігері Бақытжан Позилов мұны тұрғындардың сақтық шараларына салғырт қарауынан және ревакцинация қарқынының төмендеуімен байланыстырады. Сондай-ақ, ол еліміздің бірқатар қаласында анықталған омикрон штамы Шымкентке де келді деп болжам жасап отыр, деп хабарлайды otyrar.kz.

Ерлі-зайыпты Қосай және Сәуле Мәуленовтер осыдан жарты жыл бұрын «Спутник» екпесінің бірінші және екінші компонентін алған. Эпидахуалдың күн сайын құбылуын көріп отырған олар, бойында бар сырқаты асқынып кете ме деп ревакцинация жасауға шешім қабылдапты. Тіпті отбасы мүшелерін толықтай екпе алуға көндірген. Басты себеп, елімізге соңғы тәуліктерде тіркелген омикрон штамын жұқтырудың алдын алу дейді.

Қосай Мәуленов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Вакцинаны біз әйеліміз екеуміз салдырдық. Салған дұрыс қой әрине. Қазір күшейіп бара жатыр. Омикрон деген әсіресе. Мен ауырғандардың қасында жүрдім тіпті вакцинамен баламның қасында. Онда вакцина жоқ-тұғын. Бірақ бізге жұққан да жоқ».

Сәуле Мәуленова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Сол өзім сахарлық диабетпін, сол өзім ойладым, тез ауырып қалатын шығармын, иммунитетім нашар ғой. Салдырайын деп салдырдым. Күйеуім менен кейін салдырды. Барлық дүние жүзі салдырып жатқанда біз неге салмаймыз, көрейік салып деп. Бірақ маған «Спутник» басында температурамды көтерді. Кейін жақсы боп кеттім. Осы «Казвакты» таңдадым. Өзіміздің Қазақстанның вакицанасы дұрыс қой деп ойладым. Балаларыма да, қыздарыма да, келіндеріме де бәріне салдырып жатырмын қазір».

Десе де, қаланың бас дәрігері ревакцинация қарқыны өте төмен деңгейде жүріп жатқандығын айтады. Салдарынан өткен тәулікте Шымкент «қызыл» аймаққа енді.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Шымкент қаласының ревакцинациядан 37934 адам өткен. Бұл өте аз. Шымкентте миллионнан аса халық тұрады. Бар-жоғы 37934 адам ғана жасап отырмыз. Тек қана ревакцинация және вакцинация арқылы аман қаламыз. Бізде өкіншке орай, қоғамда антиваксерлер бізге қарсы жұмыс жасап жатыр».

Бақытжан Позилов күні кеше ғана 221 адамнан коровирус індеті анықталғанын айтып дабыл қағуда. Мұндай көрсеткіш соңғы бірнеше айдың көлемінде тіркелмеген. Тіпті жаңа жыл басталғалы 11 күннің ішінде қауіпті вирустан 7 адам қайтыс болған. Ал жұғу қаупі өте жоғары омикрон штамы бізге де жеткен болуы мүмкін деп топшылайды ол.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:  «Емделіп жатқан науқастардың арасында омикрон штамын алу үшін анализдерін жібердік. Осы аптаның аяғына дейін күтеміз. Алайда, омикрон штамын күтпей-ақ, өзіміз дәрігерлер осы омикрон штамы Шымкентте бар деп отырмыз. Себебі, басқа штамдармен ауыратын симптомдармен басқа қалаларда анықталған омикрон штатымен салыстырып бар деп отырмыз».

Қазіргі таңда жұқпалы аурулар ауруханасында 157 адам ем қабылдап жатыр. Оның тең жартысы дерлік аяғы ауыр әйелдер екен. Жағдайлары өте нашар. Оның ешбірі жүктілік кезінде салдыруға тиімді файзер екпесін алмаған. Сондықтан ақхалаттылар, қайғылы жағдай орын алмас үшін оның алдын алуға шақырады.

1 216 қаралым