Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше былтыр облыс бойынша 64 мың гектар алқапқа мақсары дақылы өсірілсе, биыл ол 96 мың гектарға көбейіп отыр. Облыс бойынша былтыр 55 320 тонна қамбаға құйылды. Оның 2 500 тоннадайы тұқымдыққа сақталынады. 49 900 тоннасы өңдеуге жіберіледі. Одан 15 200 тонна мақсары майы алынады. Май шығаратын шағын кәсіпорындар барлық аудандарда ашылған. Оның ішіндегі ең ірілері «Шымкентмай» АҚ, «Қайнар» ЖШС, Сайрам ауданындағы «Арай» және «КАРМУ» ЖШС-тері, Төлеби ауданындағы «Ленгір май», «Бақдәулет» және Мақтаарал ауданындағы «Ақ май» май өңдейтін кәсіпорындар. Олардың кейбірі өздерінің жеке алқаптарына мақсары егіп, жинап алады. Бірақ бәрі де өз өнімдерін өздері өсіреді деуге келмейді. Мәселен, «Қайнар» ЖШС-і бір тәулікте 400 тоннаға дейін шикізат өңдей алады. Кішігірім зауыт 8 500 гектар жерге мақсары дақылын егіп, жылда ысырап етпей жинап алады. Алайда бұл өнім жыл бойына жетпейді. Ары асса айналдырған бір-екі аптаға ғана жетеді. Сондықтан да алдағы уақытта мақсары алқаптарын көбейту көзделуде. Оған шаруа қожалықтары да ынталы.
Жарияланды: 29.07.2018