Жарияланды: 13.04.2023

Жетісай диқандары биылғы қырыққабаттың экспортын бастады

Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Дауылбай ата» шаруа қожалығы қырыққабатты көршілес Ресей еліне экспорттады.
«Шаруа қожалығымызға тиесілі 3 гектар жердің 1,5 гектарына ақпан айында қырыққабаттың ерте пісетін «Магнус» сортын ектік. 48-50 күнде пісетін Пекинка қырыққабаты бүгін алғашқы өнімін беруде. 1,5 гектарға егілген 60 мың түп көшеттен шыққан қырыққабат 60 тоннаны құрап отыр. Бұл кеткен шығындарымыз мен төккен теріміздің толықтай ақталғанын білдіреді. Артылған қырыққабат Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеу қаласына жөнелтіледі», дейді «Дауылбай ата» шаруа қожалығының төрағасы Момынжан Раджапов.
Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбековтың айтуынша Жетісай ауданында биыл 1162 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егіліп, болжам бойынша 50 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Егілген өнімнің басым бөлігі «Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Кевин Фарао», «Ринда», «Заказ» сорттары. Былтыр аудан диқандары 981,3 гектар жерге қырыққабат дақылын егіп, 31 919,5 тонна өнімін өндірген. Негізінен ерте пісетін қырыққабат өнімінің басым бөлігі Ресей, Белоруссия және Еуропа елдеріне экспортталады.
Айта кетейік, биыл ауданда 79,2 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылады. Оның ішінде 44 мың гектарға мақта, 19 мың гектар алқапқа бақша, 3,3 мың гектар жерге көкөніс, 6 мың гектарға дәндік жүгері, 727 гектарға күріш пен 6 мың гектарға мал азықтық дақылдарын егу жоспарлануда.
582 қаралым