Жарияланды: 14.05.2023

Дархан Сатыбалды Қытайдың шетелдегі өнеркәсіпті дамыту қауымдастығы өкілдерімен кездесті

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Бейжіңде Қытайдың шетелдегі өнеркәсіпті дамыту қауымдастығымен кездесті. Маңызды шараға халықаралық бизнес әлеміндегі алпауыт компания басшылары қатысты. Энергетика, өндіріс, сауда, сандық технология, медицина, туризм және басқа да салалардың майталмандары бас қосты. Іскерлік жүздесуде Дархан Сатыбалды Түркістан облысының экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Жаңа өндіріс орындарын ашуда әріптестік орнатуға шақырды.

– Түркістан облысында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша мәселелерді талқылау үшін сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Өздеріңіз білетіндей, Қытай Халық Республикасы Қазақстан Республикасының сауда-экономикалық саласындағы маңызды әріптестерінің бірі болып табылады. Мемлекеттер арасындағы әріптестік қарым-қатынастың берік негізі мен ұзақ мерзімді перспективасы бар. Қазақстан үшін сіздердің елдеріңіз әлемдегі ең ірі экономиканың қақпасы болса, ал Қытай үшін біздің еліміз ЕАЭО және Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ және Еуропа нарықтарына жылдам логистикалық бағыттар ашады. Көп жылдық тәжірибелеріңізді ескере отырып, біз сіздермен Түркістан қаласында жеңіл автомобильдерді құрастыру өндірісін ұйымдастыру жөніндегі жобаны іске асыру мүмкіндігін талқылағымыз келеді. Ауыл шаруашылығы, туризм және өзге де салалар бойынша тиімді жобаларды талқылауға дайынбыз, – деді Д.Сатыбалды.

Кездесу барысында түрлі салалар бойынша әріптестік орнату мәселелері жан-жақты сараланды. Қос тарап экономикалық байланысты нығайтып, әріптестікті тереңдете түсу, Түркістан облысының өндірістік әлеуетін көтеру жөнінде пікір алмасты.

Өзара ынтымақтастықтың арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 24 млрд. АҚШ долларын құрады. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Бейжің – Қытай Халық Республикасының астанасы. Қалада 22 млн. халық тұрады. Соңғы уақытта Бейжің инновациялық кәсіпкерлік пен табысты венчурлық бизнестің орталығы ретінде танымал бола бастады. Шаһарда әлемдегі ең ірі компаниялар орналасқан, Сонымен қатар, Бейжің меламин және меламин қосылыстарын өндіруде, жеңіл автокөліктер шығаруда да әлемдік көшбасшылар қатарында.

Түркістан – Қазақстандағы мақта өсірілетін жалғыз және жылыжай шаруашылықтары ең көп орналасқан облыс. Республикадағы жылыжайлардың 70 пайыздайы осы өңірде орналасқан. Облыста жылына 300 мың тоннадан астам мақта өндірілсе, 22 мақта өңдеу зауыты, өндірісте 25 мың шаруа жұмыс істейді. Түркістан облысында мақтаны терең өңдеуді қарқынды енгізу қолға алынбақ. Өңір басшысы облыс аумағында тоқыма цехтарын ашу мүмкіндіктерін де таныстырды. 5 жыл ішінде мақта өңдеу зауытын, логистикалық хабты, трикотаж өндірісін, бояу және әрлеу және тігін фабрикаларын салуды қамтитын мақта-тоқыма кешенін құру мәселесі туралы да атап өтті. Осы және өзге саладарда әріптестік орнатуға шақырды. Өңірде өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісімен тоқыма кластерін дамыту, пластикалық бұйымдар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және тағы басқа салалардағы өндірісті дамыту көзделген. Агроөнеркәсiптiк кешен саласында облыс ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру бойынша республикада алдыңғы қатарда. Туризмді дамыту да облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Сонымен бірге баламалы қуат көздерін дамыту да назарда.

2018 жылдан бастап Түркістан облысында 3 млн. 435 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 31 479,3 млн. теңгені немесе 2022 жылғы қаңтар-наурызға 117,9% құрады.

Бейдіңдегі жиында Түркістан облысы өкілдері мен Қытай кәсіпкерлері арасында B2B форматында келіссөздер жүргізілді. Түркістандық делегация «China Energy Engineering Group Co. Ltd» компаниясының өндіріс орнында болып, жұмысымен танысты.

276 қаралым