Жарияланды: 18.05.2023

Түркістан облысы мен Өзбекстан елінің қолөнершілері меморандум жасады

Бүгін Түркістан облысына Өзбекстан Республикасының «Хунарманд» қолөнершілер және кескіндемешілер қауымдастығының өкілі Улугбек Абдуллаев арнайы жұмыс сапарымен келді. Шетелдік ассосация өкілі іссапар шеңберінде Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешеніне келіп, «Turkistan Qol Oner Одағы» қолөнершілерінің шығармашылық жұмыстарымен танысты.

Ресми іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев та қатысып, қолөнерімізді дамыту жайлы өзара пікір алмасты.

Кездесуде «Turkistan Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Икапова Индира мен Өзбекстан Республикасының «Хунарманд» бірлестігінің төрағасы Абдуллаев Улугбек бірлестіктер арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Меморандумның мақсаты – қолөнер бағыты бойынша білім берудің жаңартылған мазмұнын жетілдіру, қолөнерлік қызметті үйлестіру, ынтымақтастық үшін шет мемлекеттердің кәсіпорындарымен халықаралық байланыс орнату. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерін жан-жақты дамытып, жас қолөнершілерді қолдау және мамандар даярлаудың негізгі бағыттары бойынша мақсат-міндеттерін айқындау.

Осылайша, қос тарап бірлесе отырып ұлттық қолөнерді жан-жақты дамыту, тың тәжірибелерді қолданысқа енгізу, шетелдік кәсіпорындармен байланыс орнату сынды жұмыстарды жүзеге асырады.

199 қаралым