Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Қытайдың ірі энергетикалық компанияларының қатарына кіретін State Power Investment Corporation Қазақстанның жасыл энергетика саласындағы жобаларына белсенді түрде инвестиция құяды.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын ауқымды жел электр станциясын салу жөніндегі бастамасын қолдады. Президентке State Power Investment Corporation компаниясының Қазақстанда жел электр станцияларына арналған құрал-жабдық өндірісін іске қосу ниеті туралы мәлімет берілді. Өз кезегінде Цянь Чжиминь әлеуметтік жауапкершілік аясында оның компаниясы Қазақстанның оңтүстігінде қуаты 200 ГКаллға дейін жететін жылу станциясын салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар кездесуде State Power Investment Corporation компаниясының технологиялық және ғылыми-зерттеу тәжірибесі мол екені ескеріліп, «жасыл» сутегі өндірісі саласындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.