Жарияланды: 20.05.2023

Болгар студенттері қазақ тілін үйренуге шынайы қызығушылық танытуда

Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев Әулие Клемент Охрид атындағы София университетінің классикалық және заманауи филология факультетінің басшылығымен кездесті.

Кездесу барысында шет тілдерді меңгеру және оқыту желісі бойынша өзара тиімді әріптестікті арттыру жөніндегі бастамалар қаралды. Атап айтқанда, сұхбаттастар София университетінің қабырғасында қазақ тілін оқыту тәжірибесін одан әрі ілгерілетуге, сондай-ақ 2018 жылдың қазан айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен әріптестік келісім негізінде құрылған әл-Фараби ғылыми-білім беру және мәдени орталығының жұмысына ерекше назар аударды. Осы ретте қазақстандық дипломат факультет басшылығына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, болгар студенттері арасында қазақ тілін оқуға деген қызығушылықтың артуына және осы пәнді түркология және альтаистика кафедрасының оқу жоспарына енгізуге қанағаттанғандығын білдірді.

Сонымен қатар В. Темірбаев қазақ тілін оқып жатқан болгар студенттерімен кездесті. «Q&A» форматындағы әңгіме барысында болгар студенттері Қазақстан мен Болгарияның жоғары білім саласындағы ынтымақтастығы аясындағы басымдықтар мен мақсаттар туралы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етілді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандық дипломат жас ұрпақтың сапалы білім алуының маңыздылығына назар аудара отырып, студенттерге оқуда табыс тіледі.

Анықтама: Әулие Клемент Охрид атындағы София университеті 1888 жылы 1 қазанда құрылып, Болгариядағы ең ірі және беделді жоғары оқу орны болып табылады. 19 мыңнан астам студент оқитын ЖОО әлемнің үздік университеттерінің рейтингіне кіреді.

218 қаралым