Жарияланды: 21.05.2023

Женевадағы халықаралық сарапшылар Азаптауға қарсы комитетте Қазақстанның баяндамасын қарады

Азаптауға қарсы комитеттің (АҚК) 76-шы сессиясы барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов бастаған ҚР делегациясы еліміздің Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияда бекітілген құқықтарды қамтамасыз ету шаралары туралы төртінші мерзімдік баяндаманы ұсынды.

Делегация басшысы И. Рогов өз сөзінде Комитет мүшелерін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Әділетті Қазақстан құруға және адам құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған саяси реформалар туралы хабардар етті.

Құзыретті органдардың басшылық құрамын қамтитын Қазақстанның делегациясы азаптаулардың және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттерді алдын алу және қорғау шараларын жетілдіру, адам құқықтары жөніндегі омбудсмен институтын және елдегі азаптауларды, бас бостандығынан айырылған адамдарды оңалту және реинтеграциялауды қадағалау жөніндегі тәуелсіз орган – ұлттық алдын алу тетігін (ҰАТ) нығайту, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес заңнаманы одан әрі жетілдіру жөніндегі жоспарлар туралы толық ақпарат берді.

Жалпы алғанда, қазақстандық тараптың конструктивті диалогқа ашықтығын атап өтіп, Комитет мүшелері елдегі ҰАТ рөлін күшейту жөніндегі шараларға, Мемлекет басшысы 2023 жылғы наурызда қол қойған азаптауларды алдын алуға, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттерді болдырмауға бағытталған заңға, өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялауға және т.б. бағытталған реформаларға баға берді.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның ұлттық заңнаманы жетілдіру, түрмеде медициналық қызмет көрсетуді Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тәуелсіздігін конституциялық деңгейде бекіту, өңірлерде бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің лауазымдарын енгізу және т.б. бойынша қабылдаған қадамдарын атап өтті.

Диалог барысында Комитет мүшелері азаптау мен қатыгез іс-әрекеттерден қорғау бойынша одан әрі шаралар жөнінде ұсыныстарын берді.

Тараптар өзара түсіністік пен конструктивті ынтымақтастық рухында диалогты жалғастыруға келісті.

Анықтама: Азаптауға қарсы комитет қатысушы мемлекеттің Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияның орындалуына мониторинг жүргізетін 10 тәуелсіз сарапшыдан тұрады.

Белгіленген тәжірибеге сәйкес қатысушы мемлекеттер Комитетке әр төрт жыл сайын баяндамаларын ұсынады.

368 қаралым