Жарияланды: 20.06.2023

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БЕС ЖЫЛДА 100 МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРДІ

Бүгін Түркістан облысының құрылғанына тура 5 жыл толып отыр. Осыдан дәл 5 жыл бұрын, яғни 2018 жылдың 19 маусымында Президент жарлығымен жаңадан Түркістан облысы құрылған болатын. Бұл тарихи шешім өңірге жаңа серпін берді және жан-жақты даму мүмкіндіктеріне жол ашты.
Мәселен, соңғы 5 жылда өңірде 100 мектеп салынды. Рухани шаһар облыс орталығына айналмас бұрын білім ордаларының саны 900-дің жобасында болса, қазір мыңнан асып жығылады. 78 мектептің құрылысы бюджет есебінен жүргізіліп, бүгінде 64 білім ошағының құрылысы аяқталған. Бұл үш ауысымды мектептер өзектілігін шешуге өз септігін тигізіп отыр.
Одан бөлек, 108 мектептің асханасы жаңғыртылды. Оқушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін 907 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде, 750 мектептің бейнекамерасы полицияның жедел асқару орталығына интеграцияланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында апатты, үш ауысымды және орын тапшылығын жою мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өңірде «1 000 мектеп» бағдарламасымен жалпы 7 500 орынды 24 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде биыл 11 білім ұясы пайдалануға берілмек. Қалған 13 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі.
Ал, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық шеңберін іске асыру мақсатында облыста 49 000 орынды 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. 2023 жылдың соңына дейін Түркістан облысында жалпы 20 мектепті (5 150 орын) пайдалануға берілу жоспарланған.
294 қаралым