Жарияланды: 31.07.2023

ТҮЛКІБАСТЫҚ КӘСІПКЕР ТӘУЛІГІНЕ 200 БАНКА КӨКӨНІС КОНСЕРВІЛЕП, САТЫЛЫМҒА ШЫҒАРАДЫ

Түлкібас ауданындағы Жаскешу ауылының тұрғыны Қатира Алдабергенова қайтарымсыз грант аясында консервалық өнімдерді шығару кәсібін қолға алған. Бүгінде өндіріс орнында жалпы саны бес адам тұрақты жұмыспен қамтылып, тәулігіне 200 банка консервіленген өнімді сатылымға шығарып отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, ол ауданда өсетін көкөністер мен жеміс-жидектердің пісу уақытына қарай консервының барлық түрін дайындайды. Өндіріс орнында тәтті тосаптар мен қатар тұздалған қияр консервісіне дейін дайындалады. Ол қажетті көкөністерді өздерінің игеріп отырған егін алқабынан алынып, табиғи өнімдер облыстағы басқа аудандар мен қалаларға да жөнелтіліп келеді.
Қатира Алдабергенова алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыру мақсатында мемлекеттік қолдауларға жүгініп, кәсібін ұлғайтуға ниетті. Сондай-ақ, ол жоспары іске асқан жағдайда қосымша тағы 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, ауыл халқының әлеуетін арттыруға өз үлесін қоспақ.
Қазіргі таңда мемлекеттік грант алып кәсіп бастаған түлкібастықтардың қатары күн санап артып келеді. Биыл жыл басынан бері 44 азамат мемлекеттен қолдау тауып жұмыс бастаса, жыл соңына дейін бағдарлама бойынша 46 адам қамтылады деп көзделіп отыр.
311 қаралым