Жарияланды: 29.03.2016

Алғашқы қызғалдақ

Оңтүстік өңірінде қауыз ашты

Оңтүстік Қазақстанда Қызыл кітапқа енген қырдың қызыл қызғалдағы гүлдеді. Әдетте, бұл гүлдер сәуір айында қауыз жарып, көздің жауын алатындай болып жайқалатын.

Биыл оңтүстік өңірде көк­тем ерте шықты. Өсімдіктер де ерте оянып, мерзімінен бұрын гүлдей бастады. Осының бір дәлелі қырдың алқызыл қыз­ғалдағы қауыз жарып, даланы гүлге бөледі.

Статистикалық мәлімет­терге сүйенсек, әлемде қыз­ғал­дақтың 83 түрі ерекше қорғалатын өсімдіктер тізі­міне алынған екен. Оның 63-і тек Орта Азия елдерінде ғана өседі. Ал оңтүстікте сол Қызыл кітапқа енген қыз­ғал­дақтың 6 түрі кездеседі. Олар: Альберт, Борщов, Грей, Кауф­ман, Королькоф және Ле­манн деп аталады. Бұл гүлдер жылына бір-ақ рет бүршік жарады.

Айта кетейік, аталған қыз­­­­ғалдақтар Қаратаудың ете­­­­гіндегі Бәйдібек ауданы мен Алатауды бөктерлей жат­қан Қазығұрт, Төлеби және Түлкібас аудандарының аума­ғында ғана өседі.

– Қанша қорғаштасақ та, көздің жауын алатын қызғал­даққа қызығып, жұлып алушылар қарасы азаяр емес, – дейді табиғат жанашырлары. Сондай-ақ, табиғатты қорғау мамандары Жер-ана төсіндегі дала байлығын жұ­ла­­тындармен күрес күшей­тіл­генімен қызғалдаққа қызы­ғушылар тыйылмай келеді, деп отыр.

– Өткен жылы және ал­­дың­ғы жылы алты жайт бо­йын­ша іс қозғалып, құқық қор­ғау орындарына өткіздік. Оларға Қылмыстық кодекс­тің 339-бабы бойынша қызғал­дақ­тарды жұлғаны үшін 3 мың айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, 3 жыл бас бостандығынан айыру жа­засы тағайындалуы мүм­кін, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі аумақтық инс­пекциясының бас маманы Хамит Жорабаев.

Төребек ТҰРМАНОВ.

4 686 қаралым