Жарияланды: 31.07.2020

Каналдардың көмегі көп

Шымкентте агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 3 288,8 млн теңге бөлініп, оның 2285,7 млн теңгесі 8 бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге таратылды. Бағдарлама бойынша 30 жобаның тізбесі жасалып, 5 жоба «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несие алды. Мәселен, аталмыш бағдарламамен «Alt company invest» ЖШС 4 га өнеркәсіптік жылыжайға 950 млн теңге инвестиция тартты.
Суармалы жерлердің ауданы мен өнімділінің азаюына ирригациялық жүйелердің нашарлауы мен топырақтың тозуы да тікелей әсер етеді. Ирригациялық жүйенің бұзылуына канал арналарының деформацияға ұшырауы, жан-жағын қамыс пен жабайы өсімдіктердің басуы секілді себептер кіреді. Осылардың кесірінен каналдардың су өткізгіштік қабілеті төмендетіп, ағын су шығынының мөлшері артады.
Жоспарға сәйкес тағы да 82,1 км канал механикалық жолмен тазаланып, 269 текше метр қоқыс лай-ұйықты тазаланды, қоқыс полигонына шығарылды. Оның ішінде: Еңбекші ауданында – 46 км (Көк, Темір, Чумчак, Текесу, Янгибай, Шымкент), Қаратау ауданында – 17км (Өтеміс, Бозарық), Абай ауданында – 19,1 км (Қызыл сеңгір, Гүлдіреуін-1, Гүлдіреуін-2, Гүлдіреуін-3 және Сасық) каналдары механикалық тазалаудан өткізілді.
2019 жылдың II жарты жылдығында тағы да 5 каналды күрделі жөндеу үшін жобалық сметалық құжаттамасын дайындауға 36 795 мың теңге қаржы бөлуге ұсыныс берілді. Каналдарға тоқталсақ, олар Еңбекші ауданындағы БМК, Абай ауданындағы Сасық-1, және
Қаратау ауданындағы Чинат-1, Улух, Ханка каналдары.
Қала аумағындағы ауыл шаруашылығы егістігі жерлерін ағын сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Сайрам су өзенінің бойынан Балдыберек, Сайрамсу және Қасқасу өзендері тоғысатын жерден Сұлтанбек су қоймасын салу жөнінде тиісті басқармаға ұсыныс жолданды. Аталмыш жоба іске асырылса, қаладағы суармалы алқаптар шілде-тамыз айларында ағын су тапшылығына ұшырамайды, нәтижесінде шаруа қожалықтары жерді тиімді игеріп, мол өнімге қол жеткізеді.
82,1 шақырым канал механикалық тазалаудан өткізілді. Сонымен қатар, Жаңа Оңжағалау Сайрамсу каналының 150 метр жері бетонмен қапталды. Көк каналындағы жарамсыз күйге түскен 6 бетон лоток қайта құйылып, қалпына келтірілді. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде каналдардағы судың ағыс көлемі 80-85 пайызға артты. Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы, топырақтың құнарлылығы, өсірілген дақылдардың өнімділігі су сапасына да байланысты. Осы ретте негізгі су көздері – Сайрам су, Бадам су қоймасы және Бадам өзенінен тарайтын магистралды каналдан 20 су үлгісі (суару кезеңі алдында, вегетация кезеңінде және суару кезеңінен кейін) алынып, зертханада талданды. Сараптама нәтижесінде ағын судың сапасы жоғары деген қорытынды берілді.

Шымкент келбеті

934 қаралым