Жарияланды: 09.02.2022

«Дикий» Арманды сатқындығы үшін өлтіргісі келетіндер көп

Журналист Ораз Әлімбек “Майдан” бағдарламасына берген сұхбатында Арман Жұмагелдиевке қатысты біраз жайттың бетін ашты. Сұхбат барысында ол “Дикий” Арманның артында кімдер тұрғанын және оның болашақ тағдыры туралы сөз қозғады.

Ораз Әлімбектің айтуынша, Арман Жұмагелдиевтің өліміне көп адам мүдделі, деп хабарлайды Экспресс К.

Журналист Дәнеш Байболаттың «Майдан» бағдарламасында қонақта болған Ораз Әлімбек «Дикийге» қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, Арман Жұмагелдиев Қазақстанның криминалдық авторитеті саналатын «Леха Маймышқа» қатысты жалған куәлік берген. Жақында ғана Мәскеуде ұсталған Айтқали Маймыштың қолына кісен салынуына «Дикийдің» осы куәлігі себеп болыпты. Ораз Әлімбек сатқындық жасағаны үшін Арманды өлтіруге оқталып жүргендер көп дейді.

«Оның тағдыры өте қиын болады. Маймыштың Мәскеуде қамауға алынғанын кейбір сарапшылар, кейбір дерек көздері жазып жатыр. «Дикий» Арман Маймышқа қарсы куәлік берген. «Осы менің крышам еді, осы мені басқарып отырды, соның тапсырмасын орындадым» деген секілді. Маймышты Мәскеуде тез арада қамауға алды. Бұл былайша айтқанда қылмыс әлемінде сатқындық болып есептеледі. Менің ойымша, оған қылмыс әлемінде пәтуа шығарып қойған. Кейбір мәліметтерде ол бұрын да бір қылмыс әлемінің серкесіне қол көтеріп, жұдырық жұмсады деген әңгіме бар. Сол кезде де мұның тағдырын басқаша шешу туралы мәселе көтерілген. Бірақ ол оғыздардың, әзірбайжан мен түріктердің криминалды авторитеттерінің қол астына кіріп кетті де жазадан аман қалды. Енді мына жағдайда егер Қазақстанның аймағында түрмеде болса да, басқа жерде болса да оны өлтіретін адамдар көп. Оның өліміне көп адамдар мүдделі», — деді Ораз Әлімбек.

Бағдарлама барысында Ораз Әлімбек қаңтар қырғынына қатысты және «Дикий» Арманның артында кімдер тұрғаны туралы да өз пікірін білдірді.

 

2 371 қаралым