Жарияланды: 21.08.2022

Адам жолы ашылу үшін не істеуі керек?

фото liveinternet.ru

Кейбір адамдар өмірде жолы болмай жүргенін өзге біреуден көреді. Жолын аштыру үшін бақсы-балгерлерді, құмалақшыларды жағалайды. Ал имам Нұрлан Бекжігітұлы адамның жолын адам аша алмайтынын айтады, деп хабарлайды Экспресс К.

Имам Нұрлан Бекжігітұлы өмірде жолы болмай жүрген жандарға кеңес берді. Бұл туралы ол өзінің TikTok парақшасына видео салды. Онда имам өзіне сұрақ қойған оқырмандарға жауап береді. Бірі «Жол ашылу үшін оқытылып тұрған дұрыс па?» деп сұрапты.

Жолды оқытып ашпайды. Жолыңды Алла, одан кейін ата-ананың дұғасы ашады. Өзіңізді тура жолға бұруыңыз ашады. Ешкім ешкімнің жолын аша алмайды. Әйтпесе ашқыштар көп болар еді,

— дейді имам.

Имамның айтуынша, мешіттің алдында отырып «Жолыңды ашамын, кәсібіңді жүргіземін, күйеуге тимегендерді тигіземін, махаббатты қайтарып беремін» дегендердің өмірде өздерінің жолы ашылмаған.

Имам адамның жолын ашатын тек Алла екенін айтады.

«Садақа беру, жақсылық жасау жолды ашады, өмірді ұзартады» деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Сондықтан дұға қылып, Алладан сұраңыз,

— дейді Нұрлан имам.

Сондай-ақ имам адам күнәдан тыйлып, жаман сөз бен боқтық сөзді азайтса, жолы ашылған үстіне ашыла түсетінін айтады.

 

«Өткенде бір жігіт келіп тұр. «Жолым ашылмайды» дейді. Екі сөзінің бірі «Шешеден» басталады. «Бала кезімнен солай, үйреніп кеткенмін» дейді. «Екі сөзіңнің бірі боқтық сенің жолың қалай ашылады?» дедім. Сондықтан боқтық сөзді қысқартсаң, соғұрлым жолың ашылады. Әйтпесе өмір бойы «менің жолым анадан, мынадан» деп елге өкпелеп өтесің, — дейді имам.

818 қаралым