Күнделікті әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіп отыратын Түркістан облысы ПД қызметкерлері, кезекті жұмыс күні «Тик ток» қосымшасынан «БМВ» маркалы автокөліктердің үлкен жолдың қақ ортасында ҚР Жол жүрісі ережесін өрескел бұзғаны туралы бейнежазбасын анықтады. Бейнежазбаны бірден назарға алған полицейлер, құқық бұзушыларды анықтауға кірісті.
Нәтижесінде оқиға Сайрам ауданы Ақсукент ауылының Жібек жолы көшесіндегі бағдаршамның бойында орын алғаны белгілі болды. Онда жолда, яғни бағдаршамның тұсында қатар тұрған екі «БМВ» маркалы көліктер авариялық жағдай туындатып, жылдамдықты арттырып, түтіндетіп қатты жылдамдықпен жүрген.
Осылайша олар жол ережесін бұзып, заңсыздыққа жол берген. Бейнежазбаны мұқият тексерген полицейлер, көліктерді іздестіріп, тез арада иелерін анықтады және заң аясында жауапкершілігін қарады.
Яғни авариялық жағдай туғызған «БМВ-525» маркалы көлік жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабы 1-бөлігі, 230-бабының 2-бөлігі, 614-бабының 1-бөлігі, 590-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Ал жол ережесін бұзған екінші «БМВ 530І» маркалы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі, 599-бабының 2-бөлігі, 614-бабымен 3 бірдей хаттама түзді. Екі көлікте айыптұраққа қойылды. Бүгінде қос жас жүргізушілер жасаған әрекеттерін мойындап, сол үшін көпшіліктен кешірім сұрады. Сондай-ақ алдағы уақытта қайталамауға уәде берді.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері жолда жылдамдықты асырмауға, маневр жасау қағидаларын бұзбауға, мүмкіндігінше сақтық шараларын қолдануға кеңес береді. Жоғарыдағыдай теріс әрекет жасап, өз өмірінен бөлек, өзге де көлік жүргізушілеріне қауіп төндіріп, жол бойында кедергі келтірудің соңы жақсылыққа апармайтынын ескертеді.