Өзгенің атынан несие рәсімдеп, таныстарын қарызға батырып кететіндердің қатары азаймай тұр. Таныс болғандықтан ештеңеден күдіктенбей жеке деректерін жария ете салатындардың қатары азаймай тұрғаны таңғалдырады. Түркістан облысына қарасты Сайрам полициясына бірнеше жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу онлайн-несие алып, 100 мың теңге шығын келтірген. Ал, екінші арызданушының атынан 70 мың теңге алып, банкке қарыз еткен.
Біраз уақыт өткен соң берешектері көбейіп, банктен хабар келгенде, жәбірленушілер тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын 170 мың теңгеден астам.
Арызданушылардың шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында сайрамдық полицейлер қажетті іс-шараларды жүргізді.
Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Ол бұрын алаяқтықпен сотты болған орта жастағы азамат болып шықты.
Анықталғандай, күдікті азамат таныстарына хабарласып, олардың банктік кәртішке нөмірлері мен төлқұжат көшірмелерін сұраған.
«Біреу ақша салатын еді» деген сылтаумен жәбірленушілердің нақты мәліметтерін алған алаяқ, одан ары өз арам ойын жүзеге асырған. Жәбірленушілердің атынан банкке сұраныс жіберіп, мақұлдау алған. Содан шағымданушылардың есепшотына түскен ақшаны өзіне аудартып алады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.