Жарияланды: 20.05.2023

Қазақстан мен Португалия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі Лиссабонда талқыланды

Қазақстан Елшісі Дәулет Батырашев Португалия кәсіпкерлер конфедерациясының президенті Арминду Монтейрумен кездесіп, екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың келешегін, португалдық кәсіпорындардың қазақстандық инвестициялық жобаларда қатысуын, сондай-ақ іскерлік делегациялардың сапарларын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Қазақстандық дипломат еркін экономикалық аймақтар мен инвестициялық преференциялар жүйелерін құруына, «Астана» халықаралық қаржы орталығының және технологиялық сипаттағы алаңдардың қызметіне, сондай-ақ Қазақстанның транзит-көліктік әлеуетіне назар аудара отырып, шетелдік инвесторларды қорғау бойынша Қазақстан өкіметі қабылдайтын іс-шаралар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Екі елдің бизнес-қауымдастықтары арасында серіктестік орнату мүмкіндігі талқыланды. Осы орайда А. Монтейру Конфедерация «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға қызығушылық танытып, осы жылғы күзде Астанаға жоспарланып отырған сапар шеңберінде іскерлік делегацияны басқарып баруға ниетін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Португалия компанияларының Қазақстанда инвестициялық мүмкіндіктерін зерделеу және әлеуетті әріптестермен келіссөздер жүргізу, сондай-ақ Астанада Қазақстан-Португалия сауда-инвестициялық форумын өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Анықтама: Португалия кәсіпкерлері конфедерациясы (Confederação Empresarial de Portugal) – 1974 жылы құрылған кәсіпкерлік бірлестік. Оның құрамына елдің ірі бизнес құрылымдары, сондай-ақ айналымы 105 млрд еуро және 1,8 миллион қызметкері бар 150 мың компания кіреді, олар жалпы ішкі өнімнің 71% құрайды.

387 қаралым