Гуманитарлық ғылымдар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев София астаналық кітапханасының директоры Юлия Цинзовамен кездесті.
Сұхбат барысында әңгімелесушілер қазақстандық және болгар кітапханалары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін жан-жақты талқылап, сондай-ақ жақын арада бірлескен мәдени іс-шараларды өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Сонымен қатар, болгар жұртшылығын қазақ тарихы мен әдебиетімен кеңінен таныстыру мақсатында В. Темірбаев Елшіліктің атсалысуымен болгар тілінде жарық көрген көркем кітаптарды қазақ әдебиетінің бұрышына арнап, кітапханаға сыйға тартты.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандық дипломат 24 мамырда келе жатқан Болгар ағарту, мәдениет және славян жазуы күнімен құттықтап, болгар халқына табыс пен өркендеуді тіледі.
Анықтама: 1928 жылы құрылған София астаналық кітапханасы елдегі ең үлкен кітапханалардың бірі болып табылады. Қазіргі уақытта кітапхананың кітап қорында 1 миллионнан астам кітаптар пен қолжазбалар бар. 2017 жылдың желтоқсан айында аталған кітапханада қазақ әдебиетінің бұрышы ашылды.