
фото ТОӨКҚ
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ерекше әдеби кеш ұйымдастырды. «Түнгі кітапхана» жобасы аясында өткен «Сіз күткен көктем…» атты поэзия кешінде көктемнің сұлулығы, нәзіктігі және жаңаруы жырланды.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жас ақындар мен өнерсүйер қауым қатысты. Сонымен қатар, әдеби кештің негізгі ерекшелігі – өнер көрсеткен қатысушылардың қатарында кітапханашы жастар мен белсенді оқырмандардың болуы. Бұл кеш кітапхана оқырмандары мен шығармашылық жастарға шабыт сыйлап, өз өнерлерін көрсетуге үлкен мүмкіндік берді.
Поэзия кешінің мақсаты – ұлттық әдебиетті дәріптеу, жас қаламгерлерді қолдау және көктемнің көркемдігін өлеңмен өрнектеу. Кеш барысында танымал ақындардың өлеңдері оқылып, жас таланттардың туындылары тыңдалды.
Кеш барысында тақырыптық кітап көрмесі және көрме-инсталляция келушілер назарына ұсынылды. Қыз баласының өсіп ана болуы жайлы көрініс келушілердің көңілінен шықты. Кешке келген ару қыздарға арнайы мерекелік сыйлық ұсынылып, ақындар өз шығармашылығынан өлең оқыды. Поэзия кешіне Қырғызстан елінен келген туристер де қатысып, қазақ өнеріне тәнті болғандарын жасырмады. Қырғыз ақындарының өлеңдерін оқып, құтты қонақтар кештің әсерлі өтуіне өз үлестерін қосты.