Жарияланды: 12.05.2025

Ы.Алтынсарин атындағы мектеп түлектері ерекше шарамен үлгі көрсетті

Адамзаттың рухани байлығы мен мәдени жетістіктері көп жағдайда ұлы тұлғалардың еңбектерімен өлшенеді. Сол ұлы тұлғалардың бірі – қазақ халқының ұлы ақыны, философы, ойшылы Абай Құнанбайұлы. Ұлы ойшылдың 180 жылдығын атап өту үшін елімізде әртүрлі шаралар ұйымдастырылуда. Осыған орай Балтакөл ауылында ерекше әрі тағылымды шара өтті. Бұл шараға ауылдың 1995 жылғы түлектері ұйытқы болып, ауыл жастары арасында білім сайысын ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар осы шара арқылы Абай атамыздың мұрасына құрмет көрсетуге, оны болашақ ұрпаққа насихаттауға ниет білдірді. Абайдың даналық ойлары мен терең философиялық көзқарастарының бүгінгі күннің талабына қаншалықты сай келетінін жас ұрпақтың санасына сіңіру осы шараның басты мақсатына айналып, жастардың бойында ұлттық сананы қалыптастыру, сонымен қатар оларды білімге, өнерге, әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыруға бағытталды.

Қазақтың ұлы ұстазы, ағартушы  Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 1995 жылғы түлектері, биыл мектеп бітіргендеріне 30 жыл толуына орай туған ауылына рухани нәр сыйлап, жастардың білімге деген құштарлығын арттырды.

 «БІЛІМ САЙЫСЫ»  білім бәйгесіне Отырар аудандық білім бөліміне қарасты «Ы.Алтынсарин атындағы ЖББМ», «С.Мұханов атындағы ЖББМ», «Ж.Егембердиев атындағы ШЖНЖОМ», мектептерінің 9, 10-сынып оқушылары қатысты. Байқау ережесі бойынша 3 кезеңнен тұратын сайыста үміткерлер «Kahoot.com» интеллектуалдық ойынында, «Ұлы Абай ізімен» тақырыбында шығарма сайысында және  «Мен Абайды танығым келеді» тақырыбында ақынның  Қара сөздерін жатқа оқу сайысында бақ сынады.

Ауыл жастары берілген бірнеше тақырыптың бірін таңдап, оны Абай Құнанбайұлының шығармалары мен өмірімен байланыстыра отырып шығарма жазып, Абайдың 45 қара сөзінің кез-келген тұсынан жалғастырып, мүдірмей  үзінділер оқып жарысты. Сонымен қатар, олар ақынның шығармашылық мұрасы мен өміріне қатысты қызықты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерімен бөлісті. Оқушылар арасында тек Абайдың сөздерін ғана емес, оның идеялары мен пайымдары туралы да талқылаулар ұйымдастырылды. Мұндай білім сайысы жастардың тек әдебиетке ғана емес, жалпы ұлттық құндылықтар мен тарихқа деген қызығушылығын арттырып, олардың рухани дамуына зор үлес қосты.

Сайысқа арнайы шақырылған әділқазылар алқасының төрағасы, А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, белгілі композитор Бекжігіт Сердәлі өз сөзінде бұл шараның маңызы мен ерекшелігін ерекше атап өтті. “ Осынау  мектептің 1995 жылғы түлектері биыл өздерінің мектеп бітіргендеріне 30 жыл толуына орай  ерекше шараға ұйытқы болыпты.  Ауыл көлемінде осындай мазмұнды, әрі мәні терең шараның ұйымдастырылуы – бұл тек мереке емес, бұл – мәдени серпіліс, рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Абай атамыздың сөзін жас ұрпақ жүрекпен ұғып, мәніне бойлай алса – біз болашаққа сеніммен қарай аламыз», – деп атап өтті ол.

1995 жылғы түлектердің демеушілігімен өткен білім байқауын ұйымдастыру комитеті төрағасы Асқат Кеңесұлы мен идея авторы Қуаныш Тілеубергенұлы әрбір сәтті өте жақсы жоспарлаған. Белсене қатысқаны үшін барлық қатысушылар арнайы дипломмен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Одан бөлек, «Ең көркем жазу», «Ең үздік шағарма», «Ең зияткер», «Көркем сөз оқу шебері»  номинациялары бойынша ынтланадыру сыйлықтары тағайындалды. Білім сайысының жарқыраған жұлдызы – жеңімпаз оқушы ғана емес, сол оқушының артында тұрған, бағыт берген, білім мен тәрбие нәрін сіңірген ұстаз екені сөзсіз. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған білім сайысында топ жарған шәкірттің жетістігі – ең алдымен ұстаз еңбегінің жемісі. Сол себепті де іс-шара барысында оқушысын үлкен дайындықпен бәйгеге қосқан мұғалімге де ерекше құрмет көрсетілді.

Сонымен сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 3-ші орын Адина Әбдіқариева, Алтын Бөкен және Кәусар Салиеваға бұйырып, әрқайсысына  100 мың  теңгеден ақшалай сыйлық табыс етілді.  Жүлделі 2-ші орынды Самал Қайырбек пен Сая Еркінбек бөлісіп, әрқайсына  150 мың теңге көлемінде қаржылай сый-сияпат жасалынды. Ал, ең жоғары жетістікке жетіп жүлделі 1-ші орынға ие болған Жанерке Ерік жүзден жүйрік шығып, 400 мың теңге көлеміндегі ақшалай марапатқа ие болды.

Абайдың өнегелі өмірі мен терең ойлы шығармаларын зерделеу арқылы оқушылар тек білім жарысына қатысып қана қойған жоқ, сонымен бірге өз мүмкіндіктеріне сенуге, ізденуге, армандауға үйренді. Әрбір қатысушы сахнаға шыққанда – көзінде жалын, жүрегінде сенім болды.

Жеңімпаз тұғырынан көрінген Жанерке Ерік  барша ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.   «Осындай шараға қатысып, Абайдай ұлы тұлғаның мұрасын насихаттауға өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Бізге осындай мүмкіндік сыйлаған ағалар мен апаларымызға алғыс айтамын. Осы шара арқылы біз тек Абайды ғана емес, барлық ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға үлес қостық деп санаймын. Осындай шараларды жиі өткізу керек!”, деді ол. Жиналған көпшілік, ата-аналар, мұғалімдер мен қонақтар бұл шараның тәрбиелік мәні зор екенін айтып, ризашылықтарын білдірді.

Ауыл тұрғындары, ата-аналар, мұғалімдер мен әрбір қатысушы бұл игі бастаманы жоғары бағалап, одан әрі осындай мәдени-танымдық шаралардың жалғасуын тіледі. Міне, осы сынды іс-шаралар ұлттық рухты жаңғыртып, болашақтың жарқын бейнесін қалыптастыруда маңызды орын алады.

Іс-шара аясында аталған білім ұясының 1995 жылғы  түлегі, игі бастаманы ұйымдастырушылардың бірі Қуаныш Бименов “Біз – осы мектептің, осы ауылдың түлектеріміз. Кеше ғана партада отырған оқушы едік, бүгін туған ауылымызға бір тамшы болсын пайдасы тисін деген ниетпен осы білім сайысын қолдауға атсалыстық. Абайдай дана тұлғаның мұрасын дәріптеу – тек әдебиетті ұлықтау емес, бұл – елдік сана мен ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлес. Біз бүгінгі ұрпақтың білімге деген ынтасын көріп, марқайып тұрмыз. Жалпы сандар тоғысы болып тұрған сияқты. Биыл Отырар ауданының құрылғанына 90 жыл болса, Балтакөл ауылына 60 жыл, біздің мектеп бітіргенімізге 30 жыл толыпты. Осынау сандар тоғысында ұлы бабамыз Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы шеңберінде балаларымызға рухани  құндылық сыйлағанымызға қуанып тұрмыз»,- деді ол.

 

Назгүл Сайлауқызы.

51 қаралым