Жарияланды: 03.09.2018

Индустриялды аймақты аралады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары,  «Нұр Отан» партиясының фракция мүшелері: Оспанов Берік Серікұлы, Мыңбай Дархан Қамзабекұлы,  Қайназаров Уалихан Анарбайұлы бүгін Түркістан қаласына арнайы іс сапармен келіп, бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралады,деп хабарлайды Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Алдымен іс сапарын индустриялды аймақтан бастаған депутаттар «Гранд микс» жиһаз фирмасының жұмысымен танысты.«Гранд микс» мекемесі таңдаулы жиһаз өнімдерінің бірнеше түрін шығаратын, жылына 1,5-2 млрд. қаржының өнімін еліміздің 14 облысына таратып жатқан өркенді өндіріс орны. Содан кейін қала басшысы Ә.Өсербаев мәжіліс депутаттарын Оранғай ауылдық округінде орналасқан  «Яссы» құс фермасының жұмыс барысымен таныстырды. Жұмыртқа өндіру бағытында жұмысын жүргізіп жатқан «Яссы» құс фермасында Германиялық «Ломан ЛСЛ» тұқымды 18 мың дана тауық өсіріліп, күндігіне 16 мың дана жұмыртқа өндірілсе, жылына 3-3,5 млн жұмыртқаны нарыққа шығаруда. Құс фермасының жалпы жер көлемі 15,0 гектар жерді құрайды. Ал үстіміздегі жылы құс фермасының 2 кезеңінің құрылысына 30 млн теңге қаржы жұмсалып, 76 млн теңгеге Бельгиялық «Вали» фирмасының құрал-жабдықтары алынып, орнатылды. Бүгінде құс фермасының 2-кезеңі толығымен іске қосылды. Екінші кезеңіне 30 мың дана Голландиялық «Декалб» тұқымды шөжек әкелініп, өсірілуде. Екі кезеңнің жылдық өнімі 6-7 млн дана жұмыртқаны құрайтын болады. Облыстық орталықтың статусын алған Түркістан қаласының келешек келбеті кімді болсада қызықтыратыны сөзсіз. Сапар басырында халық қалаулылары да тарихи шаһардың осы заманғы жаңа тынысы мен келешек келбетінің жоспарларымен танысып, тамашалады.

1 228 қаралым