«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы бастамасымен, оқушылардың патриоттық сезімін қалыптастыру мен зерттеушілік дағдыларын терең дамыту мақсатында ұйымдастырылған, «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы 2012 жылдан бері жыл сайын өз жұмысын атқарып келеді. Биыл 2019 жылдың 17-23 маусым аралығында осы жоба аясында, Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шаңырақтар қауымдастығының 12 оқушысы Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласына жол тартты.
Мектебіміздің 9-12 оқушылары қатысқан жеті күндік саяхатта оқушылар алдымен Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен танысты. Мектеп ұжымы конақтарды ерекше ықыласпен күтіп алды.
Саяхатшыларымыз Өскемен қаласында орналасқан машина саласының көшбасшысы атанған «Азия-Авто» көлік құрастыру зауытының жұмысымен танысудан бастады. Зауыт қызметкерлері жасайтын барлық жұмыстарының қыр-сырларымен танысты. Ерекше заманауи құралдармен жабдықталған бірнеше сатылы жұмыстары оқушыларымызда ерекше әсер қалдырды.
Оқушыларды ең қызықтырғаны әрбір құрылғының асқан ұқыптылықпен жасайтындығы, айна қатесіз болуына мән беретіндігінде болды. «Қазақстанда жасалған» өнімді дамыту жобасы бойынша, 9 «D» сыныбының оқушысы Сейтек Байназар «Қазақстандық «Азия авто» құрастыру зауытының дамуы мен перспективасы» атты ғылыми-зерттеу тақырыбы етіп алды. Болашақта машина саласына бет бұрсам деген асқақ арманын да жасырмады.
Экспедиция «Казцинк» мырыш өңдеу зауытының музейімен жалғасты. Музейде зауыттың тарихы мен жұмыс істеу барысын таныстырды. Қызығушылық танытқан оқушыларға арнап, блиц-сауалнама ойынын ұйымдастырды. Ойынның барысында топтан озып шыққан оқушыларымызды марапаттады.
«Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы аясында жергілікті ақпарат құралдарының қатысуымен өткен конференцияға қатысты. Конференция барысында өздерінің таңдап алған жобаларының мақсатымен таныстырды. Қаланың шетінде орналасқан «Ақ-бауыр» тарихи-археологиялық кешеніне саяхат жасалды. Оқушыларды ерекше қызықтырғаны ежелгі полеолит кезеңіндегі жартастағы таңбалардың тарихы болды. Осылай өлкетану-зерттеушілік экспедициясының екінші күні әсерлі әңгіме мен маңызды ақпарат тоғысында аяқталды.
Келесі күні экспедициясының сапары – Семей қаласына ат басын бұрудан басталды. Семейден 180 шақырым алшақтықта жатқан Еуразия құрлығының кіндігі саналатын Жидебай ауылынан бастау алды. Онда Абайдың інісі Оспаннан қалған қыстауының орнына құрылған музейін тамашалаған Шымкент НЗМ ХББ жас зерттеушілерін ерекше қызықтырғаны — ұлы Абайдан осы күнге дейін жеткен тарихи жәдігерлер болды.
Атап айтар болсақ, Абайдың жеке өмірінде және тұрмыста қолданған заттары. Сапарды ары қарай, Жидебай ауылының маңында орын тепкен «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінде жалғастырды. Кешен соңғы сәулеттік жетістіктермен көркемделген.
Сонымен қатар, Мұхтар Әуезовтың Бөрілі ауылында орналасқан музей-үйіне жол тартқан саяхатшылар, музейдегі М.Әуезовтың жеке қолжазбалары, тұрмыста қолданған заттары, шығармашылығынан туған еңбектерімен танысты.
Экспедиция бағыты «Абай» мен «Алаш арыстары» музейлеріне қарай бағытталды. Көрсетер экспонаттары мен бөлісер ақпараттары көп «Абай» музейі оқушыларға ерекше әсер сыйлады. Ал, «Алаш арыстары» музейі — Алаш орда үкіметін құрған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және ұлт қайраткерлерінің елдік мәселесін осы үйде талқылағанына куә болды.
Өлкетанулық-зерттеу экспедициясының қатысушылары «Абай жолы» романы желісінде сұрақтар қойып, еліміздің табысты да қазыналы жер екендіктеріне тағы да бір көз жеткізіп, мақтаныш сезімдерімен саяхатын сабақтады.