Жарияланды: 02.07.2019

Медицинаға бөлінген қаржы көлемі артуда

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың халық денсаулығын сақтау жолындағы жоғары жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін, бірінші кезекте, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуына әрі жеке медицинаның өркен жаюына септігін тигізіп, медицина ұйымдары арасындағы бәсекелестіктің артуына мүмкіндік береді.

«Мемлекет халыққа көрсетілетін тегін медициналық қызметтерге жыл сайын бір триллион теңгеге жуық қаржы бөледі. Айта кетерлігі, бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2013 жылы кепілдік берілген тегін медициналық көмекке 608,1 млрд теңге бөлінген. Ал, биылғы жылы қаржы көлемі 972,7 млрд теңгені құрап отыр – деді, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры А.Бейсенбаев.
2017 жылы елімізде денсаулық сақтау саласына жалпы 1 трлн 759 млрд. теңге жұмсалған. Яғни, мемлекет пен азаматтардың өз есептерінен шығын шығарған. Жалпы, 2017 жылы жұмсалған шығын ІЖӨ-нің 3,3% құрады. Бұл көрсеткіш 2010 жылы біршама төмендеген. Себеп — азаматтардың жеке шығындарының 3 есеге артуынан болып отыр. Сондай-ақ, шығынға жұмсалған қаржының басым бөлігін халық қалтасынан шыққан. Бұл елімізде медициналық көмекке жұмсалатын қаражаттың 40 пайызына тең. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы медицинаға жұмсалатын жеке шығындарды 20 пайыздан асырмау қажеттігін айтады. Сонымен қатар, 2017 жылы елімізде медициналық көмек бойынша жан басына шаққанда 91 мың теңге жұмсалған. Бұл 2013 жылғы көрсеткіштен 35 мың теңгеге көп.
Ал, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 3000 доллардан асып-жығылады. Денсаулық сақтау министрлігінің болжамынша, медицинадағы қаржы тапшылығының негізгі себебі – технология бағасының қымбаттауы, адамдардың өмір жасының ұзаруына байланысты медициналық қызметтерді көптеп тұтынуы медициналық көмекті жиі қажет ететін – балалар мен қарт кісілер санының артуы және жұқпалы емес созылмалы аурулардың көбеюі.
Айта кетерлігі, қосымша қаражат профилактикалық шараларды күшейтуге, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға, сақтандырылған азаматтарды оңалту мен қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шараларына жәнн медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру жоспарланып отыр.

1 751 қаралым