Жарияланды: 04.02.2020

Шымкентте автокөлік иелеріне «18 аймақ» нөмірлері беріле бастады

 

«18-аймақ» деп белгіленген автокөлікке арналған сары нөмірлер Шымкенттегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеткізілді.

Енді ЕЭО елдерінен әкелінген автомобильдер мен елімізде уақытша тіркелген көлік иелеріне ерекше мемлекеттік нөмір беріле бастайды.

Ол үшін полиция департаменті қызметкерлері мен кеден және салық басқармасының мамандары бірлесе отырып, алдымен түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Тиісті нөмірді көлік иесінің атына содан кейін рәсімдейді.

Қазірге шаһарға бұл ерекше мемлекеттік нөмірлердің 1000 данасы жеткізілген. Бірақ, бүгінге дейін бірде-бір жүргізуші келіп, Армения мен Қырғызстаннан әкелінген автокөліктерін тіркемеген.

Шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді ҚР Ішкі істер министрлігінің базасына тіркеу олардың Қазақстандағы нақты санын анықтауға мүмкіндік береді. Егер бір жыл ішінде азамат қандайда бір себептермен көлігін тіркетпеген жағдайда, елден мәжбүрлеп шығарылады. Ал иесі тіркелген көлікті Қазақстаннан тыс әкеткісі келсе, оны тіркеу есебінен шығаруға міндетті. Оған автокөліктің бұрынғы нөмірі қайтарып беріледі.

Естеріңізге салар болсақ, 2021 жылдың 1-ші наурызынан бастап жоғарыда аталған көліктердің елде жүруіне тыйым салынады.

760 қаралым