Жарияланды: 01.04.2020

Тазалық сақтау мәдениетін меңгерген

Төтенше жағдай кезінде қаладағы коммуналшылар қызметін тоқтатпады. Қаланы көгалдандыру, қала тазалығын сақтау, жасыл желектің күтімі, әсем гүлдерді отырғызуды жалғастыруда, деп хабарлайды «Отырар.кз». Қаладағы әсем гүлзарлардағы жайқалған гүлдер мен жасыл желек көздің жауын алады. Әсіресе қызылды-жасылды жауқазындар демалыс орнына ерекше сұлулық беріп тұр. Керемет үйлесімділікті қолмен жасаған коммуналдық сала қызметкерлері бұл еңбегімізді індеттен құтылған сәтте шымкенттіктер және қала қонақтары бағалайды деген сенімде. Айнұр  Қалыбекова «Жерлестерім еңсесін түсірмесін. Біз жұмысымызды жалғастырудамыз, тазалық шараларын жүргізіп, қаланы көріктендіріп жатырмыз. Қаупті індет тоқтайды. Сонда далаға шыққан тұрғындар мына әсемдікті көріп көңілдері көтеріледі. Барлығы жақсы болады уайымдамаңыздар» дейді.

Қала тұрғындары өз кезегінде төтенше жағдай кезінде қызметін атқарып жүргендерге алғыстары шексіз. Көктем келіп, айнала құлпырып, жер ана адамзатқа үміт сыйлайды. Әрине мұндай жағдайға жылы сөз, қолдау, әсіресе таң сәріден күн батқанша еңбек етіп жүрген қызғылт сары кұртеше киген қыз- келіншектер мен ерлерге тілек — аман болсын. «Азық — түлікке дүкенге шыққан едім. Қазір біз мына кезеңде үйде отырмыз. Алайда бұл шектеулер ерте ме, кеш пе алынып тасталады. Қаламыз тап-таза, тазалықшылар таң атпастан көше сыпырып жүр. Тазалықшылардың еңбегін де қала тұрғындары бағалайды деп сенемін. қоқысты жәшікке тастап, тазалық сақтау мәдениетін меңгерген. Біз табиғатқа тамсануға далаға шығамыз. Сұлулық әлемді қорғайды. Біз індетті жеңеміз», дейді қала тұрғыны Елена. Қалаға көрік берген жауқазындар кілем іспеттес. Түрлі пішінде қырқылған ағаштар мен бұталар саябақтарға ғажап сән беріп түр.

990 қаралым