Жарияланды: 09.07.2018

Химия зауыты салынбақ

Түркістан облысында  химия зауыты салынбақ. Өндірісті өңірдің экономикасын өрге сүйреуге септесетін тағы бір алып зауыттың келтірер пайдасы көп. Ең алдымен жаңа жұмыс орындарының ашылуы әлеуметтік түйіндерді тарқатады. Одан бөлек өзге өндірістерге қажетті шикізатты шетелден тасып сабылмайтын болады. Мұнай-химия саласындағы «алғашқы қарлығаш» болатын зауыттың келешегі кемел. «Шымкент химия компаниясы» Этил-трет-бутил эфирі және ұнтақты полипропилен өндірісі бойынша зауыт құрылысын жүргізбек. 2018 жылы іргетасы қаланатын болса, 2019 жылдан бастап алғашқы өнімін шығара бастайды деп жоспарланып отыр. Кілем, аяқ киім, саласына қажетті шикізатты, сондай-ақ ұн, цемент өндірісіне қажетті қап өндіруге таптырмайтын шикізат болып табылады. Өндіріс орны «Оңтүстік» индустриалды аймағында орын теппек. Мәлік Шыныбаев, «Шымкент химия компаниясы» ЖШС-нің директоры: «Бұл жобаға әлемдегі №1 жоғары технологиялар қолданылатын болады. Оның бағасы да жоғары, өндіріске келтірер пайдасы да мол. Заманауи жоғары технологиялардың пайдасынан бөлек экологиялық ахуалды жақсартуға да тигізер пайдасы бар. Жоба өңірдегі мұнай химия кластерінің дамуына мол үлес қоспақ. Дамыған елдерде мұнайгазхимия саласындағы 1 доллар экономикада 2-3 доллар өсінді әкелуде және саладағы әрбір жұмыс орны экономикада 7-ге дейін жаңа жұмыс орнының ашылуына септігін тигізеді. Осыған орай мұнайгаз химия саласы алдағы уақытта еліміздің экономикасы дамуының басым бағыты болмақ».


1 309 қаралым