Жарияланды: 12.07.2020

ШЫМКЕНТ: ДӘРІГЕРЛЕР БАСЫНДА ҮЛКЕН ІСІКПЕН ТУҒАН ШАҚАЛАҚҚА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАДЫ

Шымкент қаласындағы клиникалық балалар аурухасының мамандары жаңа туған сәбиге күрделі операция жасап, шақалақтың денесіне туа біткен ісікті хирургиялық жолмен алып тастады. Сәбидің басындағы ісіктің көлемі үлкен болған дейді мамандар. Оны ақ халаттылар бала анасының құрсағында жатқан 29-аптада анықтаған. Сондықтан мамандар операцияны бала дүниеге келген соң үш тәуліктен кейін жасап, шақалақтың өміріне келген қауіптің алдын алды. Ісікті алып тастау отасы 3 сағатқа созылды және сәтті өтті дейді мамандар. Жаңа туған шақалаққа күрделі отаны жасап шыққан дәрігерлер — Абдықадыров Мұхтар және Тансық Орынбасарұлы. Айта кетейік, қалалық клиникалық балалар ауруханасында 5 төсек-орынға лайықталған нейрохирургиялық бөлімше биылғы ақпан айында ашылған болатын. Жыл басынан бері мұнда неврологиялық жүйесінің туа бітті ақауымен дүниеге келген 5 нәрестеге сәтті ота жасалып, барлығы сауығып, үйлеріне шығарылған. Медицинаның сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында толымды тірліктер атқарылуда. 

980 қаралым